ВТБ Бірыңғай лигасы 2017/2018
Калев
Таллинн
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
12.11.2017, 21:00 Жс
Арена: Kalev Sports Hall (Таллин)
83:73
Негізгі уақыт
22:17 23:19 21:19 17:18
Ойын нөмірі: RS-33
Көрермен: 950
Астана
Астана

«Астана» Эстонияға аттанды

11.11.2017, 10:00    Просмотров: 581
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ертең, 12 қараша күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы алтыншы ойынын өткізіп, түзде «Калев» (Эстония) клубымен кездеседі.
 
Астаналықтар осыдан бір аптаға жетпес уақыт бұрын, «Парма» клубымен өткен шектен тыс шиеленісті ойында жанкештілік танытып, овертаймда жеңісті жұлып алған болатын. Костас Флеваракистің командасы елордаға келісімен, түзде өтетін кезекті ойынға дайындалды. Енді Эстонияның астанасы Таллинге барады.

Өткен кездесулер хроникасы:
Эстония чемпионы ВТБ лигасында осы дода құрылғаннан бері, яғни 2009 жылдан бастап өнер көрсетіп келеді. Эстондардың әр жылдары нәтижелері де әркелкі, жаттықтырушылары да әртүрлі және жағдайлары да әрқилы болды. Ал «Астанамен» өзара кездесулеріне тоқталар болсақ, Лиганың бұған дейінгі 6 маусымында екеуі 10 рет додаға түсті. Бұлардың 8-і «Астананың» жеңісімен аяқталды. Ал былтыр жерлестеріміз үйде де, түзде де өзекті өртеп, 2 рет ұтылып қалды.


Қазіргі жағдай:
Бұл команданы бірнеше маусым бойы, нақтырақ айтқанда, 2012 жылдан бері эстон маманы Алар Варрак жаттықтырып жүр. Осы уақыт ішінде Варрак таллиндіктермен үш рет өз елінің чемпионы болып, екі мәрте Эстония кубогын жеңіп алды. Биылғы маусымда «Калев» құрамын едәуір күшейтті. Эстония чемпионы серб легионері Бранко Мирковичпен екеуара келісімшартты ұзартты. Ал бұл ойыншы бізге «Цмоки-Минск» клубымен өткен ойындардан таныс, 2013/2014 жылдар маусымында ол аталған команданың көшбасшысы болған. Сонымен қатар, екінші жыл қатарынан команданы Америка шабуылшысы Седрик Симмонс өрге сүйреп жүр. Ол орта есепен әр ойында 12 ұпай еншілеп, 7,6 рет доп қақшып алып, көзге түсіп келеді.

       
Турнир кестесі:
Әр ойыншының жекелей алып қарағандағы ойын өрнектері тәп-тәуір болғанымен, «Калев» Лиганың турнир кестесінде ең соңғы орында тұр. Эстония клубы әзірше бес ойын өткізіп, осының біреуінде жеңіске жете алмады. «Астана» 1-4 нәтижесімен 10-орынға орналасқан.

 
Бас бапкердің пікірі:
-   ВТБ Бірыңғай лигасында, әсіресе түзде, оңай ойын жоқ. Біз мұны жақсы білеміз. Ал «Калевпен» өтетін матч біз үшін сырт алаңдағы бесінші ойын болады. Күш-жігерімізді ойынның басынан аяғына дейін бақылап жұмсау өте маңызды, әрі бұл команданың сұрмергендеріне қарсы шектен тыс сақ ойнау да маңызды болады. Қорғаныста әр ойыншымыз қарсыласымыздың бір баскетболшысын тұсаулап ұстауы керек. Сонымен қатар, өткен ойында байқалғандай, допты дөп түсіру пайызын жақсартуымыз керек. Соңғы ойындардағыдай, мүмкіндіктеріміздің көбірек болуына көңіл бөлеміз.
      
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: Kalevi Spordihall
Уақыт: 18.00 Мәскеу уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты, «QazSport» телеарнасы (сағат – 20.50).

«Астана» түзде тағы да жеңіліске ұшырады

13.11.2017, 09:00    Просмотров: 550
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Эстонияның «Калев» клубы өз алаңында Қазақстанның «Астанасынан» басым түсті – 83:73 (22:17, 23:19, 21:19, 17:18).

Алаң иелері бірінші минуттан бастап басымдық танытты. Эстондар өздерінің еңгерзедей ойыншыларын оймақтор түбінде ұтымды пайдалана білді, әрі үш ұпайлық соққыларының көбісін дөп түсірді (53% — 13-тің 7-еуін). «Калевтің» жаңа ойыншысы Айзея Бриско да нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Америкалық ойыншы бірнеше рет алға ентелеп, 5 рет тамаша пас берді. Қонақтар әдеттегідей, өздерінің легионерлерінің шеберліктеріне иек артты. Алайда Джастин Картердің де ерлігі (ойынның бірінші жартысында 11 ұпай) таразы басын өздеріне қарай аударуға жетпеді. Әйтсе де, Антон Пономарев пен Леонидас Каселакистің екінші кезеңнің аяғындағы алыстан лақтырған бірнеше доптарының арқасында «Астана» есепті қысқартты, әрі үлкен үзіліске шыққанда, 10 ұпайдан кем нәтижемен ұтылып жатты – 45:36.

Шешуші сәтте «Астана» қарсыласын қуып жетуге тырысты. Бірақ олардың жолына жанкешті Бриско кесе-көлденең тұрды. Алаң иелерінің жаңа ойыншысы плеймейкер міндетінен сұрмерген рөліне ауысты. Америка баскетболшысы өз шеберлігін паш етіп, дәміл-дәміл «Астананың» қорғанысын бұзып өтумен болды. Ол матчтың соңғы кезеңінің басында екі рет қонақтарды қапы қалдырып, «Калев» мүлде алға ұзап кетті – 73:55. Қонақтар қалған уақытта есепті 10 ұпай айырмасына дейін қысқартты, бірақ матч соңында бірнеше рет мүлт кетіп, толық камбэк жасаудың сәті түспеді.


Көп ұпай жинағандар:
  • «Калев»: Айзея Бриско (20 + 5 рет доп қақшып алды + 6 пас), Боян Субботич (18 + 5 рет доп қақшып алды), Бранко Миркович (11 + 5 рет доп қақшып алды), Седрик Симмонс (11 + 5 рет доп қақшып алды).
  • «Астана»: Джастин Картер (21 + 6 рет доп қақшып алды + 5 пас + 3 рет допты қағып әкетті), Леонидас Каселакис (16), Ларри Гордон (10), Ике Удано (6 + 10 рет доп қақшып алды).

«Калевтің» бас бапкері Алар Варрак:
— Бірінші жеңіс! Әрі алғаш рет осы маусымда, ойын тізгінін қолымыздан шығарып алған сәтіміз болған жоқ. Соңғы үш ойында осындай келеңсіз жағдайлар жиі болып еді – біз қарсыласымыздың 0:15 немесе 0:10 есебімен алға ұзап кетуіне мүмкіндік беріп алғанбыз. Бүгін мұндайға жол бермедік. Жаңа ойыншымыз Айзея Бриско бізге өте көп көмектесті – енді үлкен сеніммен келесі матчтарды күтеміз.

«Астананың» бас бапкері Костас Флеаваракис:
— Шынымды айтсам, бүгінгі матч туралы пікір білдірудің өзі – өте қиын. Біз үшін бұл түздегі бесінші ойын, жетекші ойыншыларымыздың спорттық баптарына мейілінше әсер етіп жүр. Басқа айтарым жоқ. «Калев» клубын жеңісімен құттықтап, аренадағы қиқу салған көрермендерді атап өткім келеді.


«Астана» келесі ойынын өз алаңында өткізеді, 18 қараша күні елорда баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Красноярскінің «Енисей» клубын қабылдайды.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1920 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Эстония Арена: Kalev Sports Hall
Қала: Таллинн Сайт: www.bckalev.ee

Сипаттамасы

«Калев» – Эстонияның ерлер арасындағы баскетбол клубы, Таллинн қаласынан, 1920 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Эстония Чемпионатында бақ сынайды.
    
Жетістіктері:
  • КСРО чемпионы − 1991
  • Эстония Чемпионатының жеңімпазы − 2000, 2005, 2006, 2009, 2011, 2012, 2013, 2014, 2016-2019, 2021
  • Эстония Чемпионатының күміс жүлдегері – 2015
  • Эстония Кубогының жеңімпазы − 2005-2008, 2016, 2017, 2020

Команданың жалпы суреті

Калев