ВТБ Бірыңғай лигасының 2017/18 маусымы. Үміткерлер

05.10.2017, 10:15    Оқылғаны: 949
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор: Валерий Гитаркин
Бейсенбі күні ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа масымы басталып, екі ойын өтеді. Лига сайты маусым аралығында атқарылған жұмыстар мен клубтардың алдағы чемпионаттағы мүмкіндіктерін саралауды одан әрі жалғастырады. Бұл жолы плей-оффқа ілігіп, одан әрі көсіле сілтеуді армандайтын клубтарға тоқталамыз.

«Автодор» Саратов
Өткен маусым
10-орын (8 жеңіс, 16 жеңіліс – чемпионаттың негізгі бөлігінде)
Жаңадан келгендер
Андреа Маццон (жаттықтырушы), Майка Даунс, Коти Кларк, Драмир Зибиров, Максим Шелекето, Артем Клименко, Ирвин Моррис, Иэн Хаммер, Джастин Робинсон.
Маусым аралығы
Өткен маусымдағы америкалық белестен кейін «Автодор» қайта құрылымдаудан өтті. Бұрынғы қалпына түсті. Көп жүгіріп, допты жиі лақтырады және аракідік 100 ұпайдан артық жинайды. Әрі плей-офф аймағындағы орынға таласып, көшбасшыларға да азуын батырып отырады. Жаңа бас бапкері Андреа Маццон саратовтық жасампаз философияны қолдап қана қоймай, ұжымда темірдей тәртіп орнатауға тырысады. Волгалықтар маусым аралығында Италия клубтарына үстемдік танытты. Чемпиондар лигасының екі сатысынан қиналмай өтті. Алайда «Орландина» клубына келгенде, сүрінді. Десек те, маусымға тәп-тәуір дайындықпен келді. Алғашқы бес турдағы қарсыластары екпін ала бастаған ЦСКА, «Локо» және УНИКС клубтары болады. Намысқой саратовтықтар көпшілікті таң қалдыра алады. Қалай айтсақ та, Владимир Родионовтың клубы биыл бас бапкер ауыстырмайтын секілді.
Көшбасшы
«Автодор» қашанда шабуылды бастауға шебер болатын, жалпылама алғанда, бекінісі де мығым. 2016/17 маусымында үстемдік құрған Ник Миннерат кетті. Осы командада екінші жыл ойнайтын Брэнден Фрэйзер әріптестерін алға сүйреп, барлығына үлгеретін белді ойыншыға айналады. Саратовтың әккі арифметикасы (мұнда көптеген ойыншылардың статистикалары бір жарымға көбейтіледі) Коти Кларкті көпшілік назары ауатын ойыншыға айналдыруы мүмкін. Ол Ресейге «кедейлерге» көмекке ұмтылған Дрэймонд Грин рөлінде келген еді, бірақ Қазанда көсіле сілтей алмады.
Цифр
10 – маусым аралығындағы ойындары мен Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңін қосқанда, «Автодор» осынша рет жеңіске жетті, ал былтыр тура осындай жеңіс саны Лиганың плей-офф сатысына шығуға молынан жеткен.
Негізгі бестігі
Джастин Робинсон – Брэнден Фрэйзер – Коти Кларк – Максим Шелекето – Артем Клименко
Дәйексөз
Бас бапкер Андреа Маццон:
— Біз бар күш-жігерімізді салып, аянбай ойнап, жан-тәнімізді беріп, Саратовқа сый-құрметпен қарауға мәжбүрлейміз. Асыра сілтеп, сөз бергім келмейді. Тек біздің ұранымыз «қан, тер және көз жасы» дегім келеді. Біз жанымызды салып жүгіріп, тартынбай қорғанып, ойнайтын боламыз. Қазіргі командамен күмәнсіз плей-оффқа шығуға, сондай-ақ өзгелер ойнағысы келмейтін командаларды жеңуге міндеттіміз.


«Астана» Қазақстан
Өткен маусым
1/4-финалы (9 жеңіс, 15 жеңіліс – чемпионаттың негізгі бөлігінде)
Жаңадан келгендер
Костас Флеваракис (жаттықтырушы), Энтони Клеммонс, Хордур Вильхальмсон, Ике Удано, Анатолий Колесников, Джастин Картер, Ларри Гордон.
Маусым аралығы
Өткен маусымда «Астана» плей-офф сатысына оралып, Қазақстан чемпионы болды және өзінің академиясын ашты. Маусым айында қуаныштары су сепкендей басла бастады: бас бапкері Илиас Папатеордору жұмысын тастап, отбасылық жағдайына байланысты Грекияға кетуге мәжбүр болды. Оның орнына отандасы Костас Флеваракис келді. Ал бұған ешкім де таң қалған жоқ. Әрі қарай «Астанада» шарасыздан легионерлер ауыстыру жоралғысы жүзеге асты. Бұдан кейін команда Литвадағы жаттығу жиыны кезінде жергілікті клубтарды оңды-солды ұтты, «Жальгирис» клубын да жықты. Ең соңында толық емес құрамда (Вильхальмсон, Удано, Гордон және Каселакис сынды саңлақтарынсыз!) Азия чемпиондары кубогында тамаша өнер көрсетті. Сары-көк жейделілер маусымға көтеріңкі көңіл-күймен кірісті. Ал жаңа грекиялық бас бапкері отандасының табысты жолын одан әрі жалғатыруға қабілетті сияқты. 
Көшбасшы
Алдыңғы жылғы маусымда Джастин Картер «Каршияка» клубы сапындағы Еуролига матчтарында 14,1 ұпай алып, 5,5 рет доп қақшып, 1,8 пас беріп, 1,9 рет допты қағып әкеткен. Бұдан кейін «Химкиге» шақыртылды. Мәскеу түбіндегі команда сапында екі қапталдағы қос шепті де жаба алатын америкалық ұзақ ойнаған жоқ. Есесіне, Израиль лигасындағы аутсайдер «Маккаби Кирьят-Гат» клбында қайтадан нәтижелі ойын өрнегін көрсете бастады. Соған қарағанда, Картер азулы командалар сапында көзге түсе алмайтын, есесіне орташа командаларда көшбасшы бола алатын ойыншы сияқты. Допты лақтыруға да, қорғанысты бұзып өтуге де икемді, алаңды жақсы көретін, шымыр денелі свингмен «Астана» сапында статистикасын шарықтатып, клубтың ең басты жұлдызына айналуы керек.
Цифр
3 – «Астана» Қазақстан баскетболының тарихында тұңғыш рет Азия чемпиондары кубогының жүлдесін жеңіп алды – үшінші орын.
Негізгі бестігі
Энтони Клеммонс – Джастин Картер – Леонидас Каселакис – Анатолий Колесников – Ике Удано
Дәйексөз
Атқарушы директор Аманбек Күлшіков:
— Біз өте қымбат және әйгілі кадрларды жалдауға талпынбаймыз. Сондықтан амбициялы жас маманды, яғни Костас Флеваракисті шақырдық. Оның жаттықтырушылық өтілі де – тәп-тәуір. Біздің командамыз бен оның қайта жасақталған құрамын алдына бұрынғысынша жоғары мақсаттар қойылған – ел чемпионатын жеңіп алу, ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф сатысында ойнау, академияны жетілдіре түсіп, «Астананың» беделін барлық жерде асқақтата беру.


«Енисей» Ресей

Өткен маусым
1/4-финалы (13 жеңіс, 11 жеңіліс – чемпионаттың негізгі бөлігінде)
Жаңадан келгендер
Зэбиан Доуделл, Октавиус Эллис, Денис Захаров, Виталий Лютыч, Александр Гудумак, Глеб Голдырев, Артем Комиссаров, Матиц Ребец
Маусым аралығы
Жаңа «Енисей» маусым аралығында толық құрамда бірде-бір ойын өткізген жоқ. Команданың жаңа ойыншысы Матиц Ребец дайындық кезеңін толықтай жіберді. Басында оның Еуробаскеттегі істерімен қолы босамады, одан кейін екі апта бойы виза күтумен болды. Өз құрамаларына іссапармен беларусь Виталий Лютыч мен «студент» Сергей Митусов та барып келді. Дайындық барысында әр түрлі себептермен басқа да ойыншылар қатардан шығып қалды – Октавиус Эллис, Василий Заворуев, Забиан Даудэлл. Осы жағдайлар сібірліктердің бас бапкері Олег Окуловты команда құрамын сапырылыстырып, тәжірибе қолдануға мәжбүр етті. Маусым барысында енді оның пайдасының тиюі де мүмкін (Артем Комиссаров төртінші нөмірлі ойыншы, ал Денис Захаров ойын үйлестіруші ретінде). Сібірліктер өткен маусымда Лиганы таңдандырған, қазір өздері қол жеткізген сол биікке орнығып, нәтижелі ойын үлгісін көрсетуге қабілетті.
Көшбасшы
Өткен маусымда «Енисейдің» жарқырап көзге түскен көшбасшысы болған жоқ. Статистикасы жағынан бәрінен де Фрэнк Элегар үздік болды, бірақ іс жүзінде команданы көбінесе Тони Тейлор мен Заворуев алға жаталады. Биылғы маусымда да сібірліктер осы саясатты ұстанып отыр. Командада қалған Заворуев, Энтони Хиллиард және Сулейман Браймо сынды серкелеріне маңызды рөл атқаруға лайықты бірнеше ойыншы қосылды. Солардың арасында Красноярскіге қайтып келген Зэбиана Даудэлл мен Денис Захаровты, сондай-ақ Виталий Лютычты айрықша атап өтуге болады.
Беларусь шабуылшысына үлкен үміт артылып отыр. Жазда ол өз елінің құрамасын 2019 жылғы әлем кубогының іріктеу сатысына сүйреп шығарды. Одан кейін «Енисейдің» жолдастық кездесулерінде де көзге түсті. Өткен маусымда «Калев» сапында атой салған баскетболшы биыл өзінің мергендік талантын одан да жоғары деңгейде паш етуі керек.

Цифр
1 – Евробаскет-2017 додасының ВТБ Бірыңғай лигасындағы жалғыз чемпионы тек Красноярскіде ойнайды – Матиц Ребец.
Негізгі бестігі
Зэбиан Доуделл – Денис Захаров – Виталий Лютыч – Александр Гудумак – Октавиус Эллис
Дәйексөз
Бас бапкер Олег Окулов:
— Егер біз өз сапымызға Ресей құрамасының бес-алты ойыншысын тарта алсақ, онда біз алдағы маусымға 15 ойыншы тіркемес те ме едік. Онда арлы-беру ұшу мен бірнеше додаға қатысатынымызды ескергеннің өзінде, 12-13 ойыншымен де шектелер де едік. Бірақ біздің таңдауымыз басқаша болды – бұл незігінен, өз қабілетін паш еткісі келетін ойыншылар – біз оларға осындай мүмкіндік береміз, ал қайсысы көмектесе алады, кім мұны дұрыс пайдаланады, бұл маусым басында белгілі болады. Баскетбол – командалық спорт. Жарақат алатындар да, титықтап қалатындар да болады. Сондықтан құрамды өзгертіп отыру мен бәсекелестік болады. Мұның бәрі белгілі бір нәтиже береді деп ойлаймын.

 
«Нижний Новгород» Ресей

Өткен маусым
9-орын (8 жеңіс, 16 жеңіліс – чемпионаттың негізгі бөлігінде)
Жаңадан келгендер
Зоран Лукич (жаттықтырушы), Александр Захаров, Артем Комолов, Стеван Еловац, Вадим Панин, Стрелинг Гиббс, Максим Колюшкин
Маусым аралығы
Зоран Лукич бір «есікті екі қайта ашуға болмайды» деген сөзбен келіспейді. Серб «НН» командасымен 2008 жылдан бері меңгерілген жолмен қайта жүріп өту үшін оралды. Былайша айтқанда, команданы қайтадан жасақтап, Еуролига деңгейіне дейін көтеру үшін келді. Жетістік рецептісі өзгерген жоқ: басқа клубтарда бақтары жанбай, жағымды мағынада ызаланып жүрген ресейліктер және көпшілікке беймәлім, бірақ өте талантты легионерлер. Содан соң шүмектетіп тер төгу, төгу: нижегородтықтар маусы аралығындағы матчтарда тұрақты ойын үлгісін көрсетпеді, тіпті Чемпиондар лигасының 2-ші іріктеу сатысында жұлдыздарға зәру Бельгияның ««Антверп» клубынан ұтылып қалды. Зоран шыдамдылық танытуға шақырады.
Көшбасшы
Стеван Еловац Лукичтің жобасына сенеді. Ол өз отандасы жетекшілік ететін нижегородтық ұжымның қандай боларын біледі. «Летувос Ритас» сапында өнер көрсеткен шабуылшы волгалықтардың көпшілікті таң қалдырып, 2014 жылғы финалға қалай жеткендерін өз көзімен көрген. Қара-ақ жейделіліердің соңғы жылдардағы ең қымбат ойыншысы, шеберлігі мол және өте нәтижелі төртінші «нөмір» Лигаға қайта оралды. Ол соңғы үш жылда «Сарагоса» клубында көшбасшылардың бірі болған. Осындай рөл «Нижний Новгород» клубында Еловацқа да бөлінген.     
Цифр
5 – «Нижний Новгород» биылғы маусымға дейін осыншама рет плей-офф сатысында ойнап, TOP-8 қатарына бір қадам жетпей тоқтады.
Негізгі бестігі
Иван Стребков – Артем Комолов – Вадим Панин – Стеван Еловац – Илья Попов
Дәйексөз
Бас бапкер Зоран Лукич:
— Бізге Еуролигада өнер көрсету құқығына қол жеткізе алатын жаңа ұжым құру керек. Жаттықтырушы ретінде бұл мақсат маған бұрыннан таныс. Бірақ қазір құрамымыз өзгерген, сондықтан бұл жаңа талпынысы болады. Өте қолайлы сәт емес. Ынта бәрінде де бар. Көбісі біз бұл мақсатқа неғұрлым тезірек қол жеткізгенімізді қалайды. Бірақ мұның бәрі ойдағыдай оп-оңай емес.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»