Қазақстан баскетболшылары Катарды қатырып, Иракты иліктірді

29.11.2017, 16:00    Оқылғаны: 692
Дереккөз: ABCTV.kz
Автор:
Баскетболдан 2019 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасы басталды. Қазақстан құрамасы Азиядағы електік сынның бірінші сатысында «D» тобына түскен болатын. Қарсыластары – Иран, Катар және Ирак құрамалары.

Біздің елдің жігіттері бүкіләлемдік біріншіліктің іріктеу ойынын 24 қараша күні түзде бастады.

2019 жылғы Әлем чемпионаты іріктеу додасын Дохада бастап, Катар құрамасымен кездескен Қазақстан ұлттық құрамасы алаң иелерінен басым түсті. Есеп – 82:70. Матчтың бірінші жартысы тартысты өткенімен, екінші бөлігінде Қазақстан баскетболшылары өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, айқын басымдық танытты.

Бұл ойында Антон Пономарев ерекше көзге түсіп, команда қоржынына 23 ұпай салды. Одан қорғаушы Рустам Мырзағалиев те қалысқан жоқ. 20 ұпай еншілеп, ұлттық құраманың жеңсіне сүбелі үлес қосты. Катар құрамасы өз жерінде Қазақстан баскетболшыларынан мұндай қайсарлықты күтпей, жеңілістің кермек дәмін татты.

Үш күннен кейін Қазақстан ұлттық құрамасы «Сарыарқа» велотрегінде Ирак баскетболшыларын қабылдады. Бұл елдің баскетболшылары бірінші турда азуы алты қарыс Иран құрамасын ұтып кетіп (74:66), көпшілікті таң қалдырған болатын. Әрі құрамында осы елдің азаматтығын алған Америка баскетболшысы өнер көрсетеді (Демарио Майфилд).

Ирак құрамасы елорда төрінде де тайталасып, біздің жігіттерді қара терге түсірді. Әйтсе де, шектен тыс тартысты өткен матч Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды. Бірақ ойынның негізгі уақыты тең аяқталып, овертаймда алаң иелері басымдық танытты. Жалпы есеп – 82:76. Бұл ойында Анатолий Колесников 21 ұпай, ал Рустам Ерғали 19 ұпай еншіледі.

Сөйтіп, Михаил Карпенко мен Ренатас Курилионокас жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы алғашқы ойындардан кейін «D» тобында төрт ұпаймен көш бастады. Иран және Ирак құрамалары екі матчтың бірінде ұтып, екіншісінде ұтылса, Катар баскетболшылары екі кездесуде де жеңіліске ұшырады. Енді, біраз уақыт – үзіліс. Келесі ойындар 2018 жылдың басында өтеді. Қазақстан құрамасы 22 және 25 ақпан күндері Иран және Катар құрамаларын қабылдайды. Азияның екінші електік сатысында әр топтан (барлығы – төртеу) үш команда шығады. Одан әрі 12 құрама әлем чемпионатының жеті жолдамасын сарапқа салады. Бастапқы екі ойыннан кейін Қазақстан құрамасының келесі кезеңге шығу мүмкіндігі арта түсті.

Енді алғашқы екі ойында Қазақстан құрамасының намысын қорғаған баскетболшылармен таныс болыңыздар: Рустам Ерғали, Рустам Мырзағалиев, Антон Пономарев, Анатолий Колесников, Александр Жигулин, Дмитрий Гаврилов, Вадим Щербак, Максим Марчук (бәрі де – «Астана»), Шайым Қуанов («Тобыл»), Николай Бажин («Атырау Барыстары»), Азим Ягодкин («Каспий»).


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»