Қазақстандағы овертайм! УНИКС жеңісті жұлып әкетті

17.12.2017, 19:00    Оқылғаны: 885
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Ресейдің УНИКС клубы түзде, овертаймда қазақтың «Астанасынан» айласын асырып кетті — 78:73 (22:19, 16:6, 19:20, 9:21, 12:7).

Ойынның екінші ширек бөлігінде-ақ қазандықтар жеңіске деген жігерлік таныта білді: олардың қорғанысы «Астана» ойыншыларының торшеңберге келер жолдарының бәрін бітеп, алаң иелері небәрі алты-ақ ұпай еншіледі. Алайда үлкен үзілістен кейін «Астана» түлеп сала берді. Леонидас Каселакис пен Джастин Картер қазақтандықтарды жігерлендіре түсті – «Астананың» үшінші 10-минутықта еншілеген 20 ұпайының 17-ісі осы екеуіне тиесілі. Ойының соңғы бөлігінде алаң иелері ұпай айырмасын одан әрі қысқарта түсті. Матчтың аяқталуына екі минут қалғанда, Антон Пономаревтің алыстан дәл түсірген тура соққысынан кейін астаналықтар қуып жетуге де айналды – 62:63.    
 
Шешуші минутта Антон Понкрашов бар жауапкершілікті өзіне алып, үш ұпайлық соққысын дәл түсірді. Бірақ Энтони Клеммонс өзінің жауабы дайын екендігін көрсетіп, ол да алыстан допты дөп түсірді. Матчтың аяқталуына 30 секунд қалғанда, есеп айырмасы қайтадан бір ұпайға қысқарды. Айылын жимайтын Картер соңғы шабуылда «Астанаға» жеңіс әперіп, көпшілікті таң қалдыра жаздады. Бірақ айып соққысының біреуін ғана дәл түсірді – овертайм!    
 
Қосымша бесминуттықта УНИКС алған бетінен қайтпай, допты алыстан лақтыра берді. Әуелі Понкрашов доғаның сыртынан екі мәрте, одан кейін Хоакин Колом бір рет допты торшеңберге дәл түсірді. Бұл испан баскетболшысының осы ойындағы алғашқы ұпайлары болатын! Ойынның нүктесін де осы жігіт қойды – екі айып соққысын мүлтіксіз орындап, доп айырмасы «–5» болды. Ал алаң иелері бұл айырмашылықты қысқартып үлгере алмады.

Көп ұпай жинағандар:
  • «Астана»: Ларри Гордон (18), Леонидас Каселакис (18), Джастин Картер (13+8 рет доп қақшып алды+8 пас+4 мәрте допты қағып әкетті), Энтони Клеммонс (10+7 рет доп қақшып алды)
  • УНИКС: Джамар Смит (20), Антон Понкрашов (14+7 пас), Стефан Ласме (14+11 рет доп қақшып алды)

«Астананың» бас бапкері Костас Флеваракис:  
— Менің пайымдауымша, биылғы маусымда біз екі рет жеңісті уысымыздан шығарып алдық – мен «Химки» және бүгінгі УНИКС клубтарымен өткізген матчтарды айтып отырмын. Өте ащы, өзекті өртер жеңіліс. Бәрі де өз қолымызда еді. Өкінішке қарай, жеңіске жетудің сәті түспеді. Біз ойынның екінші жартысында жанкештілік танытып, жеңіске лайықты ойын өрнегін көрсетіп едік. Өзіміздің кемшіліктерімізге қарамай – бізде ойын үйлестіруші жоққа тән – менің жігіттерім соңына дейін шайқасуға дайын. Біз азулы командалармен де тайталасуға дайынбыз. Әрине, бізде ерекше серпін бар, біз өз қателерімізді қайталамауға тырысып, тер төгіп жүрміз, әрі ары қарай да дайындалатын боламыз.       

УНИКС бас бапкері Димитрис Прифтис: 
— Өте қызықты ойын болды. Біз кездесудің бірінші жартысында басым түстік. Допты жақсы ұстадық, мүмкін болған сәттердің бәрінде допты діттеген жерімізге түсірдік, мейілінше тиімді ойнадық. Матчтың екінші жартысында «Астана» аймақтық қорғанысқа көшіп, бізге көп қиындықтар туғызды. Қалай болса да, ойын овертаймға дейін созылып, онда бізге үш ұпайлық соққыларымыз көмектесті. «Астана» мен жаттықтырушысы Костас Флеваракисті бүгінгі тамаша ойындарымен құттықтағым келеді.
 

«Астана» келесі ойынын түзде өткізіп, 25 желтоқсан күні елорда баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Мәскеудің ЦСКА командасымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»