«Астана» «Химкиден» есе қайтарды

12.03.2018, 02:06    Оқылғаны: 573
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
ВТБ Бірыңғай лигасы аясындығы «Астана» клубы мен Мәскеу облысының «Химки» командасы арасындағы матч жерлестеріміздің жеңісімен аяқталды.

Химкиліктер Астанаға бірнеше белді ойыншыларын әкеле алмады. Жарақаттарына байланысты Қазақ елі астанасына Алексей Швед, Томас Робинсон және Энтони Гилл ұшып келген жоқ. Оларды Тимофей Якушин және Сергей Клюев сынды жас ойыншылар алмастырды.
 
«Астананың» құрамы да толық емес еді. Команданың ең үздік ойыншысы Джастин Картер алаңға шыға алмады, ол жамбас буынын жарақаттап алған болатын. Сондай-ақ Рустам Ерғали мен Рустам Мырзағалиев жарақаттарынан айығып үлгермеді.

«Астананың» алғашқы бестігі: Ике Удано, Энтони Клеммонс, Ларри Гордон, Леонидас Каселакис және Анатолий Колесников.

Бірінші минуттан бастап «Астана» белсенділік танытып, алаң қожайыны қай команда екенін көрсете білді. Әрі бірінші онминуттықтың ортасында 12:2 есебімен алда тұрды. Химкиліктер тайм-аут алды. Алайда бұл үзілістің те Михаил Карпенконың шәкірттеріне тигізген пайдасы көбірек болды. Леонидас Каселакис пен Ике Удано тізе қоса қимылдап, көпшілікті тәнті қылды. Ал қонақтар керісінше, көп қателесті. Бірінші кезең 29:16 есебімен аяқталып, «Астана» басым түсті.

    
Екінші кезең «химкиліктердің» үш ұпайлық соққымен басталды. Астаналықтар шабуылда қателесіп, қонақтар тағы да екі ұпай еншіледі. Осыдан кейін Михаил Карпенко тайм-аут алуға мәжбүр болды. Осы үзілістен кейін жағдай біршама түзелді. Десек те, «Химки» әрбір шабуылы сайын аса қиналмай ұпай еншілеп, есепті қысқарта түсті. Бұл кезең шиеленісті өтіп, командалар үлкен үзіліске шыққанда, есеп 46:38 болып, алаң иелері алда тұрды.
 
Үшінші кезең өте нәтижелі болды. Осы кезеңнің орта тұсында «Астана» +14 ұпай айырмасымен ұзап та кетті. Бұл, әрине, қонақтарға мүлде ұнаған жоқ. Барцокастың командасы тайм-аут алып еді, бұл да «Химкидің» мәселесін шешпеді. Елорда баскетболшылары қалған уақытта да өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, соңғы онминуттыққа 72:54 есебімен шықты.

  
Соңғы кезең қайсарлық пен құлшыныстың өлшемі іспетті өтті. «Астананың» барлық ойлағаны орындалып, іске асты деп айта алмаймыз. Қателіктер де болды. Әйтсе де, жеңіске деген жігерлігі басым болған жерлестеріміз өз мұраттарына жетті. Кездесу 84:79 есебімен аяқталып, «Астана» БК жеңіске жетті.

 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана»: Малькольм Грант (16), Ике Удано (16 + 6 рет доп қақшып алды), Леонидас Каселакис (15 + 3 рет допты қағып әкетті), Энтони Клеммонс (14 + 7 рет доп қақшып алды + 5 пас), Ларри Гордон (10 + 5 рет доп қақшып алды + 3 рет допты қағып әкетті).
  • «Химки»: Егор Вяльцев (17), Малкольм Томас (15 + 9 рет доп қақшып алды), Чарльз Дженкинс (14 + 6 пас), Вячеслав Зайцев (14 + 5 рет доп қақшып алды).

«Астана» БК бас бапкері, Михаил Карпенко:
— Бұл шынымен де өте күрделі ойын болды. Қайсыбір сәттерде біз 20 ұпай айырмасымен алға шығып кеткенімізбен, «Химки» секілді командамен ойнағанда, босаңсуға болмайды. Қарсыласымыздың құрамы селдіреп қалғанын және бұған дейін «Милан» клубымен тартысты ойын өткізгендігін біліп, ойынды өте жоғары қарқында бастауға тоқталдық. Мен ойымыздың жүзеге асып, нәтиже шыққанына қуаныштымын. Себебі біз қол жеткізген сол гандикап одан әрі өзімізге сенімді болуымызға мүмкіндік берді. «Химкидің» бізді қуып жетіп, ал біздің абдырап қалып, бірнеше рет қатарынан допты шығыршықа түсіре алмаған сәттеріміз болды. Бірақ сонда да қарқынымызды бәсеңсітпеуге тырыстық. Мен алғашқы бестіктегі команданы жеңгенімізге өте қуаныштымын. Бұл біздің басты мақсатымызға жетуге, плей-оффқа шығуға нық басқан – қадамымыз.

«Химки» клубының бас бапкері, Георгиос Барцокас:
— Өзіміз тап болған жағдайды есепке алсақ, мойындауымыз керек, бұл ойын біз үшін пайдалы болды. Бұған дейін тым аз ойнаған ойыншыларға өздерінің қабілетін паш етуге және спортық баптарына келуге мүмкіндік берілді. Біз «Астанамен», яғни дәл қазір өзіне сенімді ойнап жүрген, өте қарымды командамен табан тіресе додаға түстік.
  
«Астана» келесі ойындарын Ақтауда өткізеді. 14 және 15 наурыз күндері баскетболдан Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында жергілікті «Каспий» клубымен кездеседі.
 
Ал ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі ойынын түзде өткізеді. 18 наурыз күні елорда баскетболшылары Ресейдің «Нижний Новгород» клубымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»