«Астана» маусымның бірінші матчында Мәскеудің ЦСКА клубынан ұтылды

07.10.2018, 20:00    Оқылғаны: 658
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
«Астана» президенттік баскетбол клубы 2018/2019 жылдар маусымының бірінші ойынын Мәскеу қаласының ЦСКА командасымен өз алаңында өткізді.

Ойынның алғашқы секундтарында есеп ашқандар – команданың соңғы жылдардағы тұрақты капитаны Рустам Ерғали бастаған Джей-Джей ОБрайен, Энтони Клеммонс, Кеннет Хортор және Джеффри Гросселл сынды ойыншылар.

Матчтың бірінші ширек бөлігі жанкүйерлердің шаттана қол шапалақтауымен аяқталды. Себебі таблодағы есеп 15:14 болатын. Алда – «Астана». Әрине, бұл ЦСКА командасының бас бапкері Димитрис Итудиске мүлде ұнаған жоқ. Ол шәкірттерін қатал түрде қамшылай түсті. Бұдан кейін әскерилер клубы табан тіресе додаға түсіп, батылырақ қимылдап, есеп айырмасын ұлғайта түсті. Ойынның бірінші бөлігінің аяқталуына бес минут қалған уақытқа дейін «Астана» небәрі екі-ақ ұпай еншіледі. Ал қонақтар болса, қоржындарына 15 ұпай салды. Содан Эмиль Райковичке тайм-аут алып, жігіттерін жігерлендіріп, жөн сілтеуге тура келді. Алаң иелері осыдан кейін матчтың бірінші ширек бөлігіндегідей көсіле сілтеп, есепті қысқарта түсті.
Әйтсе де, екінші кезең 27:41 есебімен аяқталып, ЦСКА командасы қара үзіп кетті.

Үзілістен кейін «Астана» ойыншылары тағы да алға ентелеп, қарқындарын үдетіп, есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартты. Көрермендер сілтідей тынып, демдерін іштеріне тартты. Алайда Иван Уховтың үш ұпайлық дәл соққысы аһ ұрғызды. Әрі бұдан кейін де ЦСКА ойыншыларының дәл соққылары жалғасын тауып, бәрі де жауапсыз қалды. Осы ретте айта кетуіміз керек, «Астананың» көшбасшылары, яғни Рустам Ерғали мен Энтони Клеммонс төрт ескертуден алып, бас бапкерге қарсы әрекеттер қолдану қиындай түсті. Команданың жаңа ойыншысы мен ең көп ұпай әкелген сұрмергені Джеффри Гросселлдің доп додасы барысында қолын жарақаттап алғаны да, ұжым мен жаттықтырушылардың өзектерін өртеді. Матчтың соңғы бөлігінде мәскеуліктер басымдық танытып, жеңісті өңгеріп кетті.      



Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана»: Джеффри Гросселл (14 + 5 рет доп қақшып алды), Джей Джей О`Брайен (12 + 5 рет доп қақшып алды + 4 пас), Энтони Клеммонс (11 + 3 рет допты қағып әкетті).
  • ЦСКА: Отелло Хантер (18 + 6 рет доп қақшып алды), Кори Хиггинс (16), Семен Антонов (10), Алек Питерс (9 + 6 рет доп қақшып алды).

«Астана» бас бапкері, Эмиль Райкович:
— Командамыздың сапы әлі толықтай жасақталып болмағандығын ескерсек, бұл ойында бізге оңай болған жоқ. Бүгін біздің ұжым бар күш-жігерін салып, аянбай ойнады деп ойлаймын. Қалай дегенмен, біз бүгін Еуропадағы ең үздік командалардың бірімен ойнадық. Сонымен қатар, жіті қадағалап отырсақ та, қателіктер жіберіп алдық. Әрі қарсыласымыдың деңгейі мен санаты – жоғары. ЦСКА қорғаныста прессинг қолданып, жылдам шабуыл ұйымдастырып және сәтті аяқтап отырды. Жалпы, алдымызда қыруар жұмыс тұр, ал бұл – тек бірінші ойын ғана. Бізге әлі шүмектетіп тер төгу қажет. Мен ЦСКА командасы мен бас бапкері Димитрис Итудисті жеңістерімен құттықтаймын. Алдағы ойындарда жеңіске жете берулеріне тілектеспін.


ЦСКА бас бапкері, Димитрис Итудис:
— Командамды құттықтаймын, біз осы сапарымызда екінші рет жеңіске жетіп отырмыз. Ойын барысында тамаша мүмкіндіктеріміз болды, әйтсе де, әлі тер төгу қажет. Алдағы бұдан да тартысты ойындарға дайын болуымыз керек.


«Астана» келесі ойындарын да өз алаңында өткізіп, 9 және 10 қазан күндері ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында «Атырау Барыстары» баскетбол клубын қабылдайды.

Ал ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуін түзде өткізіп, 13 қазан күні елорда баскетболшылары Беларусь астанасына аттанды. Онда «Астана» жергілікті «Цмоки Минск» баскетбол клубымен додаға түседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»