«Астана» Атыраудың «Барыстарына» еш мүмкіндік бермеді

17.10.2018, 22:00    Оқылғаны: 226
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
Елордада «Астана» екі күн Атыраудың «Барыстарымен» додаға түсіп, баскетболдан Қазақстанның ерлер арасындағы XXVII чемпионатының Ұлттық лигасы аясындағы кезекті ойындарын өткізді.

Екі ойын да елордада өткенімен, шартты түрде Атыраудан келген қонақтар алаң иелері болып есептелді. Екі күнгі ойынның да бірінші жартысы өте шиеленісті болды. Әрі екеуінде де есепті «Астананың» қарсыласы, яғни атыраулықтар ашты. Бұған көрермендер таң-тамаша болды, әрине.

16 қазан күні «Астана» кездесудің басынан бастап, алға шығып, басымдық таныта білді. Ал екінші күні елорда клубының ойыншылары сәл босаңсып, алаңда тым еркін ойнады. Содан матчтың бірінші кезеңі «Астана» үшін біршама шиеленісті өтті. Қарсыласы да тайталасып бақты. Алайда, ойынның екінші жартысында «Астана» қарқындарын үдетіп, көсіле сілтеді. Әрі елорда ойыншылары есеп айырмасын ұлғайтқан үстіне ұлғайта түсті.

Сөйтіп, екі күнгі ойынның қорытындысы бойынша, «Астана» баскетбол клубы шартты түрдегі алаң иелерін бірінші матчта 62:85 есебімен, ал екіншісінде 58:92 есебімен тізе бүктірді.
 

«Астана» келесі кездесуін өз алаңында өткізіп, 21 қазан күні «Сарыарқа» велотрегінде, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Петербордың «Зенит» клубын қабылдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»