«Астана» ел чемпионатында «Каспий» клубынан үстем түсті

13.12.2018, 08:00    Оқылғаны: 202
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Астанада баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының кезекті екі ойыны өтіп, елорда клубы екі күн қатарынан Ақтаудан келген қонақтарын өз алаңында қабылдады.

«Астана» мен Ақтау клубы арасындағы матчта елорда клубының шоқтығы биік екені жасырын емес. Бірінші ойында Эмиль Райкович командаға жақында ғана қосылған Америка қорғаушысы Стефен Холттың шама-шарқын байқап көрді. Ал ол, өз кезегінде, осы матчта ең көп ұпай жинаған ойыншы болып, команда қоржынына 19 ұпай салды. Кездесудің бірінші жартысы аса жоғары қарқында өткен жоқ. Әйтсе де, алаң иелері басымдық танытты. Үлкен үзіліске дейін есеп 46:24 болып, Астана баскетболшылары қара үзіп кетті. Матчтың екінші жартысында қонақтар астаналықтардың қарқындарына төтеп беруге тырысқандарымен, олардың бұл әрекеттерінен ештеңе шықпады. «Астана» әрбір шабуылы сайын есепті ұлғайта түсті. Сөйтіп, есеп 95:60 болып, ел чемпионы жеңіске жетті.

Матчтың үздік ойыншылары: Стефен Холт – 19 ұпай, Вадим Щербак – 18 ұпай, Николай Бажин – 17 ұпай.

Осы командалар арасындағы екінші ойын бүгін, 12 желтоқсанда өтті. Бұл кездесуде де қонақтар азулы қарсыласын тоқтата алмады. Елорда клубы Ақтау баскетболшыларын 40 ұпайдан артық есеп айырмасымен басым түсті – 104:57.

Матчтың үздік ойыншылары: Александр Жигулин – 15 ұпай, Вадим Щербак және Максим Марчук 14 ұпайдан еншіледі. 

 

Елорда командасы төл біріншілігімізде екі рет жеңіске жеткенмен, дем алатын уақыттары жоқ. Келесі ойынын алдағы жексенбі күні, яғни 16 желтоқсанда өз алаңында өткізеді. Астаналықтар ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Эстонияның «Калев» баскетбол клубын қабылдайтын болады. Басталуы – Астана уақытымен 15:00-де. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.

Ал Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясындағы келесі екі матчтық кездесуін «Астана» түзде өткізіп, 19 және 20 желтоқсан күндері елорда баскетболшылары «Алматы Легионы» командасымен кездеседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»