«Астананың» ВТБ лигасының жаңа маусымдағы бірінші қонағы – «Локомотив-Кубань»

08.10.2019, 09:00    Оқылғаны: 250
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Үлкен баскетбол астанаға оралды! «Астана» Президенттік баскетбол клубы өз алаңында ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымдағы бірінші ойынын өткізіп, Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубын қабылдайды.
 

«Локомотив-Кубань» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Краснодар қаласынан, 1946 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еурокубок додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2012/2013
  • Ресей кубогының иегегері – 2000, 2018
  • РТЖ халықаралық кубогының жеңімпазы – 2007, 2008
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2017/2018
  • FIBA кубогының финалына шыққан – 2004/2005
  • EuroChallenge кубогының финалына шыққан – 2010/2011
  • Корач кубогының финалына шыққан – 2001/2002
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2013/2014
  • Еуролиганың қола жүлдегері – 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/2013
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2014/2015
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2000/2001, 2001/2002, 2011/2012, 2014/2015

«Локомотив» – Ресейдің ертеден келе жатқан байырғы клубтарының бірі. Алайда өз тарихында тұрғылықты мекенін үш мәрте ауыстырған. Бәрі де Минеральные Воды қаласынан басталған. 2003 жылы клуб Дондағы Ростовқа көшті. Соңғы рет 2009 жылы Краснодарға ойысты. Өткен маусымнан бергі «Локо» сапындағы басты өзгеріс – бас бапкерінің ауысуы. ВТБ Бірыңғай лигасына Италия маманы Лука Банки келді. Ол «Олимпия Милан» клубымен екі рет Италия чемпионатын жеңіп алып, Италия кубогын да қоса иеленген. Сонымен қатар, өткен маусымда Афинының «АЕК» клубымен FIBA Құрлықаралық кубогының жеңімазы атанды.

Өткен маусыммен салыстырғанда, краснодарлоықтардың құрамы да адам танымастай болып өзгерді. Бұл ретте, кубандықтардың Дорелл Райт және ДжаДжуан Джонсон сынды белді ойыншыларынан айырылып қалғаны орны толмас олқылық іспетті. Әрине, «Зенит» клубына ауысқан, поляк Матеуш Понитканы да атап өтуге болады. Десек те, кубандықтар негізгі құрамдағы ресейлік ойыншыларын сақтап қала алды. Олар – Владимир Ивлев, Виталий Фридзон және Дмитрий Кулагин. Қазір «Локо» сапында ерекше назар аударатын ойыншылардың бірі – америкалық Джонни О’Брайнт. Ол Израильдің «Маккаби Тель-Авив» клубынан келді, бұрын ҰБҚ-да «Бакс», «Наггетс» және «Хорнетс» клубтарында ойнаған. Оның жерлесі Сэм Деккер бірінші рет Америкада емес, әрі ҰБҚ додасында емес, басқа жерде өнер көрсетеді. Ол  «Рокетс», «Уизардс» және «Кавальерс» клубтарының намысын қорғаған болатын. Литва баскетболшысы Мантас Калниетис – шежіресі бай ойыншы және кубандықтарға мейілінше жақсы таныс. Ол «Локомотив» сапында үш жыл ойнаған (2012-2015) және командаға Еурокубокты жеңіп алуға көмектескен. Әрі Литваның «Жальгирис» клубымен төрт рет өз отанының чемпионы болған және төрт мәрте Балтық лигасында топ жарған. ВТБ лигасынан тыс өткізген соңғы маусымдарында Мантас Италия чемпионы болып үлгерді. Калниетис өз елінің ұлттық құрамасымен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, екі рет Еуропаның вице-чемпионы болды.

Кездесулер тарихы: «Астана» мен «Локомотив-Кубань» бір-бірімен 11 рет кездесті. Оның ішінде, 10 матч ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өтті. Қазақстан командасы кубандықтарды екі рет ұтты. Оның біреуіне былтыр қол жеткізді, «Астана» «Локо» клубын сырт алаңда бақандай 19 ұпай айырмасымен (71:90 есебімен) тізе бүктіріп, көпшілікті таң қалдырды.

Турнир кестесі: «Астана» мен «Локомотив-Кубань» биылғы маусымда бір ойыннан ғана өткізді. Біздің жігіттер Қазанда жеңіліске ұшыраса, «Локо» Минскіде жеңіске жетті. «Локомотив-Кубань» әзірше УНИКС-пен 3-4 орындарды бөлісіп тұр. Ал «Астана» және тағы үш ұжым әлі жеңіске жетпей, көш соңында «сап түзеп» тұр.

Қызықты деректер:
  • «Локомотив-Кубань» — «Астана» ең алғаш кездескен Ресейдің бірінші клубы. Матч Краснодарда, 2011 жылы 28 қыркүйек күні РТЖ кубогында өткен болатын.
  • «Локо» мен «Астана» арасындағы бірінші ойын 2011 жылы өткенімен, екі команда да ВТБ Бірыңғай лигасына қатысып жүрсе де, алғашқы үш маусымда бұл екеуінің жолы түйіспеген. Ал осы Лигадағы екеуара бірінші матч 2014 жылы 19 қазан күні Астанада өткен. Әрі онда Қазақстан клубы басым түскен.

Биылғы маусымда өткен ойындар тым аз, сондықтан алдағы әрбір матчтың турнир кестесін түгелдей өзгертіп жіберуі де мүмкін. «Локомотив-Кубань» небәрі бір ойын өткізсе де, Минскідегі «Цмоки» клубымен болған матчта өздері сақтап қалған ресейлік ойыншылары мен жаңа легионерлері ерекше көзге түсті, кубандықтарды жеңіске жетелеген де солар болды. Сонымен, Эмиль Райковичтің шәкірттеріне азулы командамен додаға түсіп, тағы да беріктігін сынап көруге тура келеді.

Матч сенбі күні, яғни 12 қазанда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде және QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойған.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»