«Астана» Президенттік баскетбол клубының 2019/2020 маусымындағы тұсаукесер кеші

03.10.2019, 18:00    Оқылғаны: 798
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
3 қазан күні Нұр-Сұлтанда «Астана» Президенттік баскетбол клубының дәстүрлі, жаңа маусым қарсаңындағы Тұсаукесер рәсімі өтті. Оның басты мақсаты көпшілікті елорда командасының жаңа ойыншыларымен таныстыру болды.

Салтанатты түрде өткен кештің жүргізушісі көпшілікке танымал теле және радио журналисі, БАҚ-ты қолдау қорының жетекшісі Махаббат Есен болды. Бұл шара өзгеше форматта, яғни биылғы маусымнан бастап клубтың медиа-серіктесі болатын «Kinopark» кинотеатрлары желісі залдарының бірінде өтті.

Тұсаукесер кешінің ресми бөлімі басталғанша қонақтардың бәрі де ойынышлармен жүзбе-жүз тілдесіп, суретке түсіп, тіпті қолтаңбаларын алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, клубтың серіктесі – «Easy Bounce» баскетбол дүкенінің сайты арқылы маусымдық абонементтерге тапсырыс беріп үлгерген жанкүйерлерге олардың «айрықша құқықты» билеттері табысталды. Жалпы, алдағы уақытта «Easy Bounce» баскетбол дүкенінде және сайтында «Астана» Президенттік баскетбол клубының жейделері мен киім үлгілері, сондай-ақ басқа да кәдесыйлық бұйымдары сатыла бастайды.



Тұсаукесер кеші клубтың жаңа имидждік тұжырымдарына арналған промо-ролик көрсетілімімен басталды. Оның аясында команданың жаңа киім үлгісі таныстырылды. Биылғы маусымда «Астана» Президенттік баскетбол клубы ата-баба рухына бас иіп, бар өнерін Тәңіршілдіктің негізгі элементтері ретінде табиғаттың дүлей күштеріне арнайды. Клубтың көздеген имидждерінің басты тұжырымдары киелі Самұрық құсы туралы аңыз болды. Ол астана командасының жаңа жетістіктерге талпынған және жаңа биіктерді бағындыруға ұмтылған символы ретінде кейіптелген. Бәйтерек ағашы туралы аңыздағыдай, Самұрық құс алтын жұмыртқасы – Күнді алып Айдаһардан қалай қорғаса, «Астана» клубының ойындарында да өз қамқорлығындағы команданы дәл солай қорғаштайтын болады  
 

Кеш салтанатты түрде ашылған соң, келген қонақтар команданың жаңартылған құрамымен және жаттықтырушылары штабымен ресми түрде  таныстырылды:

#4 Тәжірибелі америкалық шабуылшы және ВТБ Бірыңғай лигасының ең тиімді ойыншыларының бірі – Коти Кларк
#5 Жас және әлеуеті зор америкалық қорғаушы – Джеремайя Хилл
#6 Орталық шептегі Қазақстанның ең сенімді ойыншыларының бірі – Роберт Пан
#7 Қазақстан шабуылшысы және Ұлттық құрама ойыншысы – Николай Бажин
#9 2019 жылғы Қазақстан кубогының ең үздік сұрмергені және Ұлттық құрама мүшесі – Вадим Щербак
#10 Қазақстандағы атақты ойыншыларымыздың бірі және Ұлттық құраманың тұрақты серкесі – Рустам Мырзағалиев
#14 Адриатик лигасының чемпионы, Адриатик лигасы суперкубогының жеңімпазы және Сербия чемпионы – сербиялық орталық ойыншы – Душан Ристич
#17 Ең үздік Қазақстан шабуылшыларының бірі және Ұлттық құрама ойыншысы – Александр Жигулин
#21 Америкалық свингмен, өткен маусымда неміс Бундеслигасында ойнаған – Малкольм Хилл
#22 Жас және әлеуеті зор Қазақстан шабуылшысы, Ұлттық құрама ойыншысы – Асқар Майдекин
#24 Қазақстан баскетболының ардагері және Ұлттық құрама ойыншысы – Дмитрий Гаврилов
#25 Қазақстан чемпионатындағы ең үздік данкерлердің бірі және Ұлттық құрама ойыншысы – Максим Марчук

Бас бапкер, өткен маусымдағы ВТБ Бірыңғай лигасының ең үздік жаттықтырушысы – тәжірибелі Македония маманы Эмиль Райкович.
Жаттықтырушы – Марко Величкович – Сербия
Бас бапкердің көмекшісі – Борче Даскаловский – Македония
Бас бапкердің көмекшісі – Сашо Тодоровски – Македония
Команданың дәрігері – Дамир Әбілдин – Қазақстан
Команда массажшысы – Темірлан Батырғалиев – Қазақстан
Спорттық директор – Рүстем Мұқанов – Қазақстан

Тұсаукесер кешіне әр түрлі жағдайларға байланысты «Астананың» екі ойыншысы келе алмады. Олар – Руслан Айтқали, бұл маусымда ол «сары-көкшіл» жейделілердің намысын екінші жыл қорғайды және команданың жаңа ойыншысы Андрей Литвиненко. Бұл ойыншымыз қазір Қытайда, 3х3 баскетболынан Қазақстан құрамасы сапында Әлем кубогына қатысып жатыр. Сонымен қатар, тағы бір жаңа ойыншымыз, команданың маңызды мүшесі маусым басындағы кешімізге қатысқан жоқ. Ол жақын арада клубқа келеді, бұл ойыншымен көпшілікті таныстыру бір айдан кейін, яғни 4 қараша күні ВТБ Бірыңғай лигасының өз алаңымыздағы Петербордың «Зенитімен» өтетін матчында ұйымдастырылады.    

Тұсаукесер кештің ресми бөлігін «Астана» ПКСК бас директоры Асқар Баталов ашты.



«Президенттік клубымымыздың құрамына кіретін баскетбол клубының жаңа маусымы басталатындығын ерекше қуанышпен жариялаймын. Мен мұны Нұрсұлтан қаласының визит картасы деп санаймын. Бұл – біздің спортымыздың мақтанышы. Команда өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ұлттық құраманың негізін қалайды. Бүгін біздің командамыздың қатарына қосылған жаңа ойыншыларға «қош келіпсіздер» демекпін. Эмиль Райкович бастаған жаттықтырушылар құрамы мен Валерий Тихоненко басқаратын менеджментімізге клуб тарихында ең табысты болған өткен маусым үшін алғыс бідіргім келеді. Биыл бізде жаңа ойыншылар аз емес, алайда мен маусымаралығында жүргізілген клубтың трансферлік саясаты өте жоғары орындарға таласуға мүмкіндік береді деп үміттенемін. Жаңа маусым былтырғыдан да табысты болсын деп тілеймін. Бірінші кезекте командамызға деген сүйіспенешіліктері үшін барлық жанкүйерлерге, жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан бас серіктесіміз «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорыАҚ-ына және бірлесе жұмыс істеп келе жүрген Қазақстан ұлттық баскетбол федерациясына алғыс білдіремін».

Қазақстан ұлттық баскетбол федерациясының президенті Димаш Досанов өз сөзінде клубтың имиджін қалыптастыру барысындағы креативті тәсілдемелеріне және «Астананың» ұлттық құрама негізін қалайтын клуб ретіндегі мақсаттарына ерекше көңіл аударды.



«Бүгінге дейін «Астана» клубы Қазақстан баскетболының бетке ұстары және мейілінше қалыптасқан спорттық өнімі ретінде халықаралық аренаға кеңінен танылса да, таң қалдыруын тоқтатар емес. Бұл жерде клубтың әлгінде ғана назарымызға ұсынылған имидждік тұжырымдамаларын меңзеп отырмын. Клубтың қазіргі заманғы трендтер мен ата-бабаларымыздың мәдени мұраларын сауатты түрде ұштастыра білгендері және айрықша құрмет көрсеткендері қуантады. Алдағы маусымда табиғаттың дүлей күштері «Астананың» тағы да биік белестерді бағындыруына ықпал етеді деп үміттенемін. Ал спорттық үдерістеріне келер болсақ, Жаңа жылдан кейін 2021 жылғы Азия кубогының іріктеу ойындары басталады. Оған біз дайындықты бастап та кеттік. Бұл ретте, Әлем кубогының іріктеу ойындарында Ұлттық құраманың намысын абыроймен қорғаған астана клубы мен оның ойыншыларына үлкен сенім артамыз».       
 
Клубымыздың Тұсаукесер кешіне құрметті қонақ ретінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, бокстан 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері Серік Сәпиев те келді.   



 «Өткен маусымда «Астана» баскетбол клубының аса жоғары жетістікке қол жеткізгендігін бәріміз де білеміз. Команданың жыл өткен сайын жетіліп келе жатқанын да көріп жүрміз. Қосарым, баскетбол біздің елдің барлық аймақтарында дамыған. Бізде елішілік чемпионат та өтеді. Ал «Астана» баскетбол клубы чемпиондық атағы жағынан рекорд орнатқан».

«Астана» клубының бас менеджері Валерий Тихоненко өз сөзінде команданың өткен маусымдағы нәтижелерін еске түсіріп, биыл команда құрамы айтарлықтай өзгергендігіне тоқталды.



«Біріншіден, барлықтарыңызды жаңа маусымның басталуымен құттықтаймын. Бұл біз үшін – тоғызыншы маусым, ал бір жылдан соң – мерейтой. «Астанаға» келген кезкелген баскетболшы жетіле түседі. Онымен қоса команда да жетіле түседі. Ал біз жоғары нәтижеге қол жеткізсек, әлгі ойыншының бағасы өсе түседі. Былайша айтқанда, былтырғы ойыншыларымыздың барлығы дерлік бағалары өсіп, басқа командаларға ауысты. Қанша тырыссақ та, біз оларды ұстап тұра алмадық. Ал жаңа ойыншыларға келер болсақ, олардың мүмкіндіктерін алдағы маусым көрсетеді. Біз енді ғана бастағалы отырмыз. Бір қуаныштысы – біз қатарымызға өзіміздің, қазақстандық жас ойыншыларды қостық, әрі оларға үлкен сенім артамыз. Менің артымда тұрған мына «балдырғандар» (Тихоненко клуб ойыншыларын нұсқады – ред.ескерт.) алаңда бар күш-жігерлерін салады деп ойлаймын. Бойлары аласа болса да, алаңда аянбай, тер төгеді. Жанкүйерлерге сабырлық пен шыдамдылық тілеймін. Былайша айтқанда, біздің командамыз қайта жасақталды. Әйтсе де, біз қолымыздан келгеннің бәрін істеп, сіздерді жасытпауға тырысамыз. Біз ұятқа қалмау үшін аянбаймыз».

Жаңа ойыншылар туралы команданың бас бапкері Эмиль Райкович те айтты. Оның айтуы бойынша, ВТБ Бірыңғай лигасының оңай болмайтын, жаңа маусым алдында команда құрамын сапалы ойыншылармен толықтырған. Енді елорда клубы биыл да плей-оффқа шығуды жоспарлап отыр.

«Өткен маусым команда тарихындағы ең табыстысы болды. Ойыншылар клуб үшін ғана емес, өздері үшін де тамаша маусым өткізді. Әрі олар, әрине, қымбаттады. Ал біздің бюджетімізде белгілі бір шектеу бар. Біз сөйтіп жастарды шақырдық, біздің командамыздың мүддесі үшін олардың жетіле түсулеріне көмектесеміз. Иә, биылғы маусым оңай болмайды. Бірақ әрбір сәтті аяқталған ойын, бұл – біз үшін алға бір қадам басумен тең. Қазақстан ойыншылары да шеберліктерін арттыра түсулері керек. Өткен маусым біздің жоғары жетістікке қол соза алатындығымызды көрсетті. Ақырын жүріп анық басуымыз, ойын сайын жетіле шыңдала түсуіміз керек. Сонда бәрі де мүмкін болады. Егер біз клубтың деңгейін көтерсек, онда ұлттық құрама да өрлей түседі».

Кештің шарықтау шегі команданың жаңа ойыншыларына аты-жөндері жазылған джерсилерді салтанатты түрде тапсыру болды.



Тұсаукесер кешіндегі маңызды сәттің бірі «сары-көкшіл» жейделілердің бірнеше жылғы капитаны Рустам Ерғалидың сөз сөйлеуі және өзінің ойыншы ретіндегі кәсіби мансабын аяқтайтындығын мәлімдеуі болды.



«Бүгін жаңа баскетбол маусымы қарсаңында, менің өмірімдегі ең жақын және маңызды адамдар жиналған, клубтың Тұсаукесер рәсімінде баскетболшы ретіндегі өзімнің спорттық мансабымды тәмамдайтындығымды ресми түрде жариялағым келеді. Бұл шешімді жариялаудың бұдан асқан оңтайлы сәті болмас. Ал бұл тоқтамымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, денсаулығыма байланысты. Екіншіден, ел баскетболына әлі де өз пайдамды тигізсем деймін. Мен баскетбол өнеріне 22 жыл өмірімді бердім, әрі үнемі аянып қалмауға тырыстым. Осы жылдар ішінде баскетбол өмірімнің ажырамас бір бөлігіне айналды, ол менің бір бөлігім болды. Баскетбол маған өзімді жеңе білуді және жауапкершілік жүгін көтеруді үйретті. Маған есебі жоқ қуанышты және ұмытылмас сәттер сыйлады. Баскетболдың арқасында мен сенімді достар таптым, олар маған бауырларымдай болып кетті. Ойыншы ретіндегі мансабымды аяқтасам да, баскетболға және өз клубымызға жан-тәніммен берілген қалпымда қала беретін боламын. Сөзбен емес, нақты істеріммен «Астана» клубы мен Қазақстан баскетболын дамытуға өз үлесімді қоса беремін. Бірақ енді жаңа амплуада – клубтың Атқарушы директоры лауазымында. Менің жаңа қызметтегі бірінші кезекті міндетім мен мақсатым – бұл «Астана» балалар академиясын дамыту.         
  
Рустам өзіне қолдау көрсеткендері үшін «Астана» ПКСК және «Астана» ПБК басшыларына алғыс білдіріп, өзінің ілім-білімі тек акадамиямен жұмыс істегенде ғана емес, өзі бірнеше жыл тер төккен Қазақстан ұлттық құрамасы үшін де жұмсағысы келетіндігін, әрі соған үміттенетіндігін білдірді. Өз сөзін тәмамдаған соң, Рустам Ерғали команда капитандығын ұжымның көптен бергі тұрақты ойыншысы, ойын үйлестіруші Рустам Мырзағалиевке табыс етті.

Кештің ресми бөлігінің соңында жүргізуші клуб атынан қолдау көрсеткендері үшін серіктестерімізге, БАҚ пен жанкүйерлерге алғыс жолдады.

Біз құрамына «Астана» футбол және велокомандалары, әрі «Барыс» хоккей клубы кіретін «Астана» Президенттік Кәсіпқой Спорт Клубының, яғни осы үлкен отбасының бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Бас серіктесімізге – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына және клубтың серіктестеріне – «КиноПарк» кинотеатрлар желісіне және «Изи Бонус» баскетбол дүкеніне қолдау көрсеткендері үшін орасан зор алғыс білдіреміз. Ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімді, игілікті болады деп үміттенеміз. Өз кезегімізде, бұдан да жоғары спорттық нәтижелер мен жетістіктерге жетуге тырысамыз.

Өткен маусым бойы «Астана» Президенттік баскетбол клубының матчтары мен басқа да жаңалықтарын үнемі жариялап отырған Спортс КЗ, Проспорт КЗ және Вести КЗ секілді бұқаралық ақпарат құралдарына бөле-жара алғыс білдіреміз. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекеттестік – астана клубының басым бағытты қызметі. Бірлесе атқарған құрылымдық жұмыстардың арқасында біз командамыздың өміріндегі барлық оқиғаларды тартымды түрде жариялап отырмай, тіпті Қазақстан баскетболының дамуына өз үлесімізді қосамыз. Біз БАҚ өкілдерімен ынтымақтастықта болуға қуаныштымыз және сіздердің жұмыстарыңызға көмек көрсетуге дайынбыз.

«Астананың» барлық фанаттары мен жанкүйерлерін аса қызықты және тартымды маусым күтіп тұр. Өз алаңымыздағы ойындарда біз сіздерді тағатсыз күтеміз. Әрі «Астананың» допты шыр айналдырған тартымды ойындарынан баға жетпес ләззат алып, қуанышқа бөленулеріңізе тілектеспіз. Біз кім үшін ойнайтынымызды ешқашан да есімізден шығармаймыз. Ал сіздердің қолдау көрсетулеріңіз бізге қандай қиындықтар болсын, бәрін де бағындыруға күш-қуат береді. Жеңіске жетсек те, сәтсіздікке ұшырасақ та, сіздер үнемі бізбен біргесіздер. Әрбір ойында біз сіздердің қолдау көрсетіп отырғандарыңызды сеземіз. Әрі ешқашан жеке қалмайтынымызды білеміз. Сол үшін сіздерге рахмет! Өз алаңымыздағы ойындарда бәріміз бірге жүзеге асыратын, ауызбен айтып жеткізгісіз, біздің команда түлеп сала беретін атмосфераға рахмет.
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»