УНИКС «Астананың» плей-оффқа шығуын кейінге қалдырды

14.04.2017, 09:00    Оқылғаны: 524
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің УНИКС командасы өз алаңында қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 83:78 (25:18, 23:19, 14:21, 21:20).

Плей-офф сатысына шығу үшін бар күш-жігерін салып, тырысып жүрген «Астана» УНИКС командасын ойының төртінші ширек бөлігіне дейін өкшеледі – матчтың аяқталуына 8 минут 32 секунд қалғанда, Родерик Одом допты торшеңберге дәл түсірген соң есеп қысқарып, қазандықтар үш ұпай айырмасымен ғана алда тұрды (66:63). Алайда дәл осы сәттен соң бәрі де өзгеріп сала берді. УНИКС бірден қарқынын үдетті: Лэтэвиус Уильямстің данкі, Кит Лэнгфордтың “үш ұпайлығы” және Коти Кларктің “екі ұпайлығы” мен айып соққылары қазандықтарды алға оздырды. Сары-көк түстілердің айбынды сұрмергені Иан Миллердің белсенділігіне Татарстан клубы Хоаким Коломның дәл соқыларымен жауап берді. Ресей клубы жеңісті уыстарынан шығарған жоқ. Бірақ «Астана» әлі сегізінші орында тұр, плей-оффқа ілігетін мүмкіндігі де мол. Ол үшін Қазақстан клубына келесі ойында «Химки» командасын жеңу керек немесе «Автодордың» сүрінгеніне үміттену қажет болады.

Ең көп ұпай жинағандар:

УНИКС: Кит Лэнгфорд (19), Хоаким Колом (18 + 6 пас), Лэтэвиус Уильямс (14 + 6 рет доп қақшып алды).

«Астана»: Иан Миллер (23 + 5 пас), Роберт Лоури (13), Леонидас Каселакис (8 + 9 рет доп қақшып алды).

УНИКС БК бас бапкері Евгений Пашутин:
- Чемпионаттың негізгі додасын жеңіспен аяқтадық. «Астана» қайтпайтын жанкешті команда, соңына дейін жанталасты. Біз ұпай айырмасын көп ұлғайта алмадық. Қонақтар тез шабуыл ұйымдастыруымызға мүмкіндік бермеді. Әйтсе де, матчтың соңғы бес минутында өрнекті ойын үлгісін көрсеттік, қайсарлық таныттық. Плей-офф додасын жеңіспен бастау маңызды. Ал онда батылырақ ойнау керек, «Астанамен» өткен соңғы бес минуттағыдай, сонда біз жеңеміз.
 
«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
- Біз ойын өте ауыр болатындығын білдік және УНИКС клубының осыдан үш күн бұрын, өз алаңында «Локомотивтен» ұтылып қалғандығын есімізден шығарған жоқпыз. Бірақ біздің командаларымыздың деңгейі – әр түрлі. Десек те, біз ойынның бірінші жартысында бүгінгідей нашар ойнамауымыз керек еді. УНИКС баскетбол ойнады, ал біз оларға аңтарылып қараумен болдық. Сондықтан алаң иелері ойынның бірінші жартысында 48 ұпай еншіледі. Үзіліс кезінде біз мұның бәрін ойыншылармен талқыладық. Нәтижесі жаман болған жоқ, үлкен үзілістен кейін біз қорғаныста батылырақ ойнай бастадық. Бірақ біз ойын ережесін көп бұздық, өйткені Кино Колом және Кит Лэнгфорд сынды ойыншыларға қарсы басқаша ойнау мүмкін емес. Әйткенмен, қарсыласымыз матчтың екінші жартысында 35 ұпай ғана еншіледі. Яғни, біз әжептәуір жақсы ойнадық, бірақ УНИКС секілді азулы команданы ұту үшін мұның өзі жеткіліксіз болып шықты. Қазан клубына плей-оффта сәттілік тілеймін.

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы біріншілігіндегі келесі және соңғы ойынын өз алаңында өткізеді. 17 сәуір күні елорда командасы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Мәскеу облысының «Химки» клубын қабылдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»