«Астана» «Химкиді» қабылдайды

15.04.2017, 18:00    Оқылғаны: 568
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Дүйсенбі күні, 17 сәуірде «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымдағы тұрақты біріншілігінде соңғы ойынын өткізеді.

Маусымның соңғы ойынын Еуропа баскетболының азулы командаларының бірі, Мәскеу іргесіндегі «Химки» клубымен өткізуге тур келіп отыр. «Химкиліктер» әр жылдары ВТБ Бірыңғай лигасының жеңімпазы атанып, Еуропа кубогын жеңіп алып, сондай-ақ бірнеше рет Еурорадағы турнирлердің жүлдегері болып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр.

ВТБ лигасының турнир кестесінде Душко Ивановичтің командасы 17 жеңіс, 5 жеңіліспен 3-орында тұр. Команданың бетке ұстар көшбасшысы Ресей қорғаушысы – Алексей Швед. Ол әр ойында орта есеппен 23 ұпайдан еншілеп отырады және доп қақшып алудан 1-орынды иеленіп тұр.
 
Бірінші айналымдағы ойын 2017 жылдың 15 қаңтарында Химкиде өткен. Онда алаң иелері басымдық танытып, жеңіске жеткен – 83:66. Екеуара кездесулер тарихында «Астана» осы әйгілі команданы екі рет ұтқан. Соңғы ойындардағы сәтсіздіктерге қарамай, Илиас Папатеодорудың шәкірттері бұл ойынға үміттерін үзбей дайындалып жатыр. Өйткені, «Астананың» азуы алты қарыс «Химкидей» айбынды командалардың өзін жеңген тәжірибесі бар.   

Біз баскетбол жанкүйерлерінің бәрін де біздің команданы қолдауға шақырамыз. Ойын өте қызықты және тартысты болады. Команданы демеп-жебеп отыру қажет.
 
Естеріңізге сала кетейік, бұл ойын дүйсенбі күні, 17 сәуірде Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – Астана уақытымен 20:00-де. Кіру тегін. Қазақстанның басқа қалаларындағы жанкүйерлерді ойынды теледидардан көруге шақырамыз. Матч трансляциясын сіздер онлайн режімінде ВТБ бірыңғай лигасы сайтынан және тікелей эфирде «KazSport» телеарнасынан 20:00-де көре аласыздар.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»