«Химки» Астанада әупіріммен жеңді

18.04.2017, 09:00    Оқылғаны: 459
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің «Химки» клубы түзде қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 90:87 (22:15, 24:13, 18:27, 26:32)

Бұл ойында жеңіс турнир кестесіндегі мақсатын әлі толықтай шешіп алмаған «Химки» клубына өте қажет еді. Алайда, кеше «Автодор» ұтылып қалып, басты бәсекелесінің осы жеңілісінен кейін 8-орынға ие болып, плей-офф додасында бақ сынау құқығына қол жеткізген «Астана» да тұрақты біріншіліктің соңғы ойынында жанкүйерлерін әдемі ойын өрнегімен ғана емес, көңілге қонымды нәтижемен қуантуға тырысты. Қонақтар бірден алға шыққандарымен, Илиас Папатеодорудың шәкірттері намысты қолдан бермеуге талпынды. Ойын барысында күйрей ұтылып жатса да (ойынның екінші жартысында Алексей Шведтің айып соққыларынан кейін «Химки» «+20» ұпай ұзап кеткен болатын), алаң иелері есепті қысқартып, қуып жетуге айналды. Дәл осы кезеңде Усман Крубалли көсіле шауып, 9 ұпай еншіледі.

Төртінші 10-минуттықтың басында «Астана» қарқынын үдетіп, «Химкиді» 12:4 есінен тандырып (шабыттандырушы сол баяғы Крубалли мен Роберт Лоури болды), алға да шықты – 70:68! Әрі қарай ойын қызды – Шведтің 10 ұпайына алаң иелері қонақтарының адымын аштырмай тұсаулап ұстап, жауап берді. Дегенмен, «Астананың» соңғы шабуылында, Иан Миллердің соққысынан кейін торшеңбер допты тысқа шығарып тастады – «Химки» Қазақстан астанасында аса ауыр, бірақ өздеріне өте қажет жеңіске қол жеткізді.

Ең көп ұпай жинағандар:

«Астана»: Усман Крубалли (29+13 рет доп қақшып алды), Димитриос Катсивелис (14+7 рет доп қақшып алды), Иан Миллер (12+9 пас), Роберт Лоури (10+11 пас).

«Химки»: Алексей Швед (23+7 пас), Джейкоб Пуллен (21), Нобел Бунгу-Коло (13+6 рет доп қақшып алды), Робби Хаммел (10), Эрл Роулэнд (10).

«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
— Басында біз өзіміз жоспарлағандай ойнамадық. «Автодор» жеңіліп қалып, соның арқасында плей-оффқа шығып отырмыз. Мүмкін, содан да болар, біз бүгінгі ойынға лайықты деңгейде дайын болмай шықтық. «Химки» – Лигадағы ең азулы командалардың бірі. Әрине, қонақтар ойынның бірінші жартысында біздің босаңсып кеткенімізді қалт жібермей, пайдалана білді. Бірақ үлкен үзілістен кейін біз нағыз команда ретінде ойнай алдық деп есептеймін. Өз ісімізге дұрыс қарап, ойын соңында жеңіске жететіндей тамаша мүмкіндігіміз болды.  

«Химки» БК бас бапкері Душко Иванович:
— Біз бүгінгі ойынды жақсы бастадық, бірақ артынан ойынымыз сұйылып кетті. «Астана» керісінше, басында босаңсып, артынан қарқынын үдетті, батылырақ қимылдады, матч соңында біздің жолымыз болып кетті. Сөз жоқ, ойынның екінші жартысында біз қорғаныста ойнауды қойдық, алаң иелері көп ұпай алды. Кейде тіпті біз астаналықтардың қалай допты салғандарына қарап тұрдық. Иә, әрине, плей-офф ойындарында бізге осы салғырттықты және психологиямызды толықтай түзеу қажет.
 
Осымен ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі біріншілігі тәмамдалды, оның қорытындысы бойынша елорда клубы плей-оффта бақ сынау құқығына қол жеткізді. Биылғы біріншілікті соңғы ойындары 23 сәуір күні өтеді. Содан кейін турнир кестесі мен плей-офф сатысындағы ойындар күнтізбесі біздің сайтымыздың Доп додалары бөлімінде жарияланатын болады.

«Астана» келесі ойындарын да өз алаңында өткізеді. 21 және 23 сәуір күндері елорда клубы Қазақстан Ұлттық лигасының «Төртеу финалында» бақ сынайды. Астаналықтар 1/2 финал аясында «А» Жоғары лига жеңімпазымен – Қостанайдың «Тобыл» баскетбол клубымен кездеседі. Турнир және оған қатысатын командалар туралы толық мәліметтер, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері біздің сайтымыздың Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»