«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы маусымын аяқтады

11.05.2017, 10:00    Оқылғаны: 565
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Астана баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасындағы бесінші маусымын аяқтады.

«Астана» клубы ВТБ Бірыңғай лигасының жыл сайынғы біріншілігінде 8-орынға ие болып, плей-офф додасында бақ сынау құқығына қол жеткізді. Алайда плей-оффтың 1/4-финалында елорда командасына жай қарсылас емес, Еуропадағы ең үздік клубтардың бірі Мәскеудің ЦСКА-сы тап келді. ВТБ Бірыңғай лигасының өткен маусымдағы чемпионы және Еуролига жеңімпазы Қазақстан чемпионына ешқандай мүмкіндік бермей, екеуара додадағы үш ойында да басымдық танытты. Әйтсе де, «Астананың» өз алаңындағы ойынды бөле-жара атап өтуге болады. Бұл матчта елордалықтар әскерилермен тайталасып, шежіресі мол команданы аз ғана уақыт болсын, қобалжуға мәжбүр етті.



Илиас Папатеодору, «Астана» ПБК бас бапкері:
- «Біз ЦСКА командасымен додаға түскенде, үш ойында да бар күш-жігерімізді салуға тырыстық. Өздеріңіз де түсінесіздер, екі команданың деңгейі – біршама алшақ. Сонда да, осы үш ойында да біздің ойыншыларымыз мейілінше тайталасып бақты. Бұл біздің қолымыздан келді деп ойлаймын. Жалпы, мен менеджерлерге де, жаттықтырушылар құрамына да, әрине, өз ойыншыларыма да биылғы маусымды ойдағыдай өткізгеніміз үшін алғыс айтқым келеді. Мен өте қуаныштымын, біз алдымызға қойылған мақсаттардың бәрін де орындай алдық. Мен біздің жұмысымызды мақтан тұтамын».

Маусым жайлы айтар болсақ, ол «Астана» үшін өте оңай болмаса да, ең сәтті жылдардың бірі болды. Маусым басында команда түбегейлі өзгерді. Бұл өзгерістер «Астанаға» таза ауа жұтқандай әсер етті. Маусым бойы «Астана» баскетболшылары бірнеше рет өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, «Химки», «Автодор» және «Енисей» секілді командалармен табан тіресе додаға түсіп, көпшілікті тәнті қылды.

Әрбір команда Қазақстан астанасына имене келіп, аса сақтықпен ойнады. Өйткені әрбір жаттықтырушы, әрбір ойыншы «Астана» клубының өз алаңында барын салып ойнайтынын және әрбір кездесудің қалай аяқталатындығы белгісіз екендігін жақсы білді. Мәселен, «Енисеймен» өткен ойында астаналықтар көпшілікті қайран қалдырып, ойынды 2 овертаймға дейін созып, соңында жеңісті тістесе жұлып алды. 



Клубтың алдына қойылған мақсаттардың бәрі де орындалды. «Астана» 2017 жылғы Қазақстан кубогын тек қазақстандық ойыншыларымен додаға түсіп жеңіп алды, Ұлттық лигада чемпиондық атағын қайтарып алды, сонымен қатар еуропалық ВТБ Бірыңғай лигасы турнирінде плей-офф сатысына шықты.

Бұл маусым игілікті жобалардың жүзеге асуымен де табысты болды. 2016 жылдың желтоқсан айында «Астана» ПБК базасынан балаларға арналған «Астана» баскетбол академиясы ашылды. Қазір бұл Академияда 8-14 жас аралығындағы 120-ға жуық жеткіншек жаттығып жүр.

Енді «Астана» баскетболшылары маусымаралық демалысқа шығады. Командада кімнің қалып, кімнің кететіндігін біз кейінірек хабарлаймыз. Біздің клубтың жаңалықтарын қалт жібермеңіздер.
Сондай-ақ «Астана» командасы маусым бойы тілеумізді тілеп, жанашырлық танытқан жанкүйерлердің бәріне алғыс жолдайды. Барлықтарыңызға қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет! Жаңа маусымда жолығамыз!


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»