ВТБ Бірыңғай лигасы 2019/2020
Минск
Минск
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
02.02.2020, 20:45 Жс
Арена: Falcon Club (Минск)
96:77
Негізгі уақыт
21:19 20:23 25:13 30:22
Ойын нөмірі: RS-98
Көрермен: 962
Астана
Астана

Беларусь астанасында «Астана» мен «Цмоки-Минск» жауапты кездесу өткізеді

31.01.2020, 10:00    Просмотров: 638
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
Жексенбі күні, 2 ақпанда «Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының екінші айналымдағы бірінші түздегі кездесуін Беларусь елінің аждаһаларымен, яғни «Цмоки-Минск» клубымен өткізеді.

«Цмоки-Минск» – Беларустің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Минск қаласынан. 2006 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасы мен Беларусь чемпионатынан бөлек, Еуропа кубогы додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:
  • Беларусь чемпионы: 2009−2019
  • Беларусь кубогы жеңімпазы: 2010−2018
Баскетбольный клуб Цмоки-Минск 2019/2020

«Цмоки Минск» биылғы маусымда біздің командамен өткен екеуара бірінші матчта, яғни 2019 жылғы 9 қарашада Нұрсұлтанда жанкүйерлердің дегбірін алған ойында, жүйкемізді әбден жұқартқан. Десек те, біздің жігіттер жанкештілік танытып, жеңісті жұлып алған болатиын – 91:89. Содан бері «Цмоки» клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында 10 ойын өткізіп үлгерді. «Астанамен» болған сол матчтан соң, Минск командасы еліне барып, өз алаңында «Енисейге» 3 ұпай айырмасымен есе жіберіп алды. Одан кейін «аждаһалар» түзде қызықты және көңілге қонымды төрт ойын өткізді. Әуелі олар Химкиде көпшілікті қайран қалдырып, жеңісті өңгеріп кете жаздады. Бірақ төрт ұпай айырмасымен ғана ұтылды. Бұдан соң Таллинде биылғы маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізіп, «Калев» клубын сан соқтырып кетті. Эстониядан кейін Польшаға барып, жергілікті «Зелена Гура» командасынан тек овертаймда ұтылып қалды. Ал келесі, Пермде өткен матчта «Парма» клубынан басым түсті. Осыдан кейін берарусстар үйлеріне оралып, ЦСКА баскетболшыларын қабылдады. «Әскерилер» бұл ойында шүмектетіп тер төгіп, көп күш жұмсап, небәрі 3 ұпай айырмасымен басым түсті. Ал «Зенит» болса, Минскіде «аждаһаларды» ойсырата жеңіп, 20 ұпай айырмасымен үстемдік танытты. Әйтсе де, өз алаңында өткен келесі матчта, біздің алдағы қарсыласымыз маусымдағы үшінші жеңісіне қол жеткізіп, «Автодор» клубын тізе бүктірді. Осыдан кейін түзде «Локомотивпен» додаға түсіп, 8 ұпай айырмасымен жеңіліске ұшырады. Ал «Астанамен» өтетін матч қарсаңында «–14» ұпаймен өз алаңында «Химкиден» ұтылып қалды.
 

Турнир кестесіндегі жағдай: «Цмоки Минск» дәл қазір турнир кестесінде соңғы – 13 орында табан тіреп тұр. Әрі оларға плей-оффта бақ сынауға құүқық беретін орындарға көтерілу өте қиын болады. Бірақ «жаралы аң – өте қауіпті» деген сөз бар. «Астана» болса, қазір бесінші орынға орналасқан. Бірақ алдағы екі ойын Нұр-Сұлтанда өтетін болғанымен, бізге қонаққа «Химки» мен ЦСКА келетіндерін естен шығармау керек. Сондықтан, Беларусь елінде қалай да жеңіске жетіп, төмен сырғып кетпеуді ойлау қажет.

Команда құрамындағы өзгеріс: америкалық шабуылшы Джамар Абрамс, 9 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен ойында алаңға шықпағанымен, Беларусь командасынан ресми түрде 27 қарашада кетті. Есесіне, командаға жаңа ойыншы қосылды – белорус Даниил Борисевич. Бірақ ол жас қорғаушы, әлі бірде-бір матчта алаңға шыққан жоқ.

Команда көшбасшылары: биылғы маусымда Беларусь командасы сапындағы ең тиімді ойыншы – белорус шабуылшысы Максим Салаш. Ал өз еншісіне орта есеппен бір ойында көп ұпай жазып жүрген – америкалық қорғаушы Доминез Барнетт. Сондай-ақ команданың көшбасшылары ретінде америкалық Роберт Лоуриді, серб Бранко Мирковичті және француз Александре Гавриловичті атап өтуге болады. Дәл осы ойыншылар, Беларусь шабуылшысы Виталий Лютычпен бірге екеуара қарашада өткен ойында «Цмоки Минск» сапында ерекше көзге түскен болатын. Сонымен қатар, аталған ойыншылардан бөлек Беларустің өте тәжірибелі жігіттеріне де көңіл аудару керек – орталық шептегі Владимир Веремеенкоға және шабуылшы Алексей Тростинецкийге.

Матч жексенбі күні, яғни 2 ақпанда Минскідегі «Falcon Club» аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 20:45-те. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» Минскіде ВТБ лигасының үздік бестігіне оралу мүмкіндігін мүлт жіберді

02.02.2020, 23:00    Просмотров: 563
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы кезекті кездесуін түзде өткізіп, Беларустің «Цмоки-Минск» клубынан ұтылып қалды.

Екі команда арасындағы бірінші кездесу 9 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен болатын. Онда Қазақстан командасы жеңісті соңғы секундтарда жұлып алып, жанкүйерлерін қуанышқа бөлеген – 91:89. Белорустармен өтетін қарымта матчқа дейін «Астана» түзде жеті ойын өткізіп, соның тек біреуінде ғана жеңіске жеткен болатын. Ал «Цмоки-Минск» клубының өз алаңындағы нәтижелері тура осындай болды. Яғни, осы ойында екеуінің біреуі осы көрсеткіштерін түзеуі тиіс еді. Қарсыласымыздың негізгі құрамдағы ойыншыларының бәрі матч хаттамасына тіркелді. Ал біздің команда бастапқы бестікке мына жігіттерімізді шығарды: Джеймс Флоренс, Вадим Щербак, Душан Ристич, Александр Жигулин және Малкольм Хилл.

Алаң иелерінің бірінші шабуылы сәтсіз аяқталып, есепті үш ұпайлық соққысымен Александр Жигулин ашты. Ысқырық шалынған бетте табан тірескен дода басталып, екі команда да бірін-бірі алысқа ұзатып алмауға тырысты. Кезеңнің ортасына қарай Қазақстан командасы 6 ұпай айырмасымен суырылып алға шықты. Бірақ бұл басымдықты олар ұстап тұра алмады. Бірінші кезеңнің аяқталуына үш минут қалғанда Беларусь командасы таразы басын теңестірді және сол қарқындарымен алға да шығып кетті. Қалған уақытта «Астана» алаң иелерін қуып жетуге тырысумен болып, кейде 5 ұпай айырмасымен ұтылып та жатты. Дегенмен, Эмиль Райковичтің командасы бірінші кезеңнің соңында көсіле сілтеді. Әсіресе, Стефен Холттың допты алаң иелерінен тартып алып, Джеффри Крокетке стратосфера қабатына әуелетіп беруі ерекше әсерлі болды. Өте жойқын аллей-уп осы матчтың ең әдемі сәті болып шықты. Сонымен қатар, біздің жігіттердің есепті теңестіріп, тіпті Джеймс Флоренс допты алаң иелерінен тартып алғанда, қайтадан алға да шығатын мүмкіндіктері де болды. Бірақ олар екеуінде де мүлт кетті. Жалпы, сары-көкшіл жейделілердің бірінші кезеңде бір-екі рет жаза басқан сәттері болды. Десек те, олар алаң иелерінен қалысқан жоқ. 10 минут ойын уақытынан кейін екі ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Екінші кезеңде тартысты дода тың күшпен қайта жалғасты. Командалар алға шығып, құйрық үзіп кетуге тырысты. Бірақ ешқайсысы да мұны жүзеге асыра алмады. Бұл кезеңнің басынан аяғына дейін екі команданың арасы үш ұпайдан аспады деуге де болады. Тіпті, таразы басы төрт рет тең болды. Үлкен үзіліс таяғанда Малкольм Хилл есеп айырмасын осы кезеңдегі ең жоғарғы шамаға жеткізді – 4 ұпай. Алайда матчтың бірінші жартысы аяқталғанда, командалар арасын 1 ұпай ғана бөліп тұрды. 41:42 – алда «Астана».

Джеймс Флоренс

Матчтың бірінші бөлігіндегі шиеленісті дода оның екіншісі де аса тартысты өтетіндігін меңзеп тұрды. Үшінші кезеңнің алғашқы бес минуты тура солай өтті де, командалар алма-кезек алға шығып, «әткеншек тебуді» жалғастырды. Ал есеп бірнеше рет теңесті. Десек те, алаң иелеріне қарқындарын үдете түсіп, есеп айырмасын «+8» ұпайға жеткізудің сәті түсті. Қонақтар оған лайықты жауап қата алмай, Эмиль Райковичке олардың қарқындарын тайм-аутпен тоқтатуға тура келді. Бұдан кейін Джеремаяй Хилл доға сыртынан шығыршықты дәл көздеп, «Астананың» әлі де берілмейтіндігін және есепті теңестіруге тырысатындығын көрсетті. Бірақ кезең соңына дейін біздің жігіттердің ойындары үйлеспей қойды. Тіпті сұрмергендеріміздің өздері мүлт кетіп, қапелімде доптан айырылып қалу жиілей түсті. «Аждаһалар» өз кезектерінде, мұны қалт жіберсін бе, одан сайын жігерлене түсті. Әрі олардың ойындағылары түгелдей дерлік жүзеге аса бастады. Осылай, есеп айырмасы бұл ойында бірінші рет екі таңбалы санға жетті. Төртінші кезеңнің басында «Цмоки» 11 ұпай айырмасымен ұтып жатты. Бірақ бұл да біздің команда үшін алынбайтын қамал емес-тін. Алаң иелерін тез арада қуып жетуге болар еді. Алайда «аждаһалар» бұған мүлде жол бермеді. Әрі соңғы кезеңнің екі минуты өткенде олар 15 ұпай айырмасымен ұтып жатты. «Астана» сонда да беріле қоймады. Ал Стефен Холт есеп айырмасын 10 ұпайға дейін қысқартқанда, Беларусь командасының жаттықтырушылары құрамы тактикалық іркіліс алуға мәжбүр болды. Өкінішке қарай, бұл тайм-ауттың оларға тигізген пайдасы зор болды. Қазақстан командасы одан әрі тайталасып, біразға дейін қарсыласының есеп айырмасын одан әрі ұлғайтуына жол берген жоқ. Матчтың аяқталуына бес минут уақыт қалғанда, 11 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бірақ бұдан кейін Беларусь командасы тағы бір жойқын серпіліс жасап, есеп айырмасын 18 ұпайға дейін ұлғайтты. Әрі матч соңына дейін өздеріне сенімді болып, тартысты өткен додада айқын басымдықпен жеңіске жетті – 96:77 (21:19, 20:23, 25:13, 30:22).
 


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» – бүгін біздің команда сапындағы ең тиімді ойыншы Джеймс Флоренс болды. Ол 14 ұпай еншілеп, 7 пас берді. Сондай-ақ Александр Жигулин де көзге түсіп, 8 ұпай еншіледі және 6 рет доп қағып алды. Малкольм Хилл бүгін көсіле сілтей алмады, тіпті өзінің ортақ көрсетішіне де жете алмады. Бірақ сонда да, ең көп ұпай жинаған ойыншы болды – 17. Джеремайя Хилл өз еншісіне бүгін 16 ұпай қосты. Ал біздің көшбасшымыздың бірінің, атап айтқанда, Душан Ристичтің бүгін ойыны мүлдем жүрмеді – 8 рет доп қағып алды, небәрі 3 ұпай.
  • «Цмоки-Минск» – белорустар сапында Максим Салаш ең тиімді ойыншы болып, дабл-дабл орындады – 11 ұпай және 13 рет доп қағып алды. Сондай-ақ біздің командаға көп қауіп төндіргендер: Бранко Миркович – 19 ұпай + 5 пас және Александре Гаврилович – 18 ұпай және 8 рет доп қағып алды.


«Цмоки-Минск» клубының бас бапкері  Ростислав Вергун:
— Жанкүйерлеріміздің бәрін және клубты ең әуелі өрнекті ойынымызбен құттықтаймын. Өйткені бүгінгі ойын өрнегіміз біздің тілеуімізді тілейтін жанашырларымыздың бәрін рахатқа бөледі. Ал қазір біз, келесі ойында қалай жеңіске жету керек екенін ойлаймыз.

«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— «Цмоки-Минск» ұжымын құттықтаймын, олар бүгін бізден, асып түсті. Әсіресе, ойынның екінші жартысында дес бермеді. Олар шабуылда жанкештілік танытты. Өкінішке қарай, біз бұған жауап қата алмадық, доптын жиі-жиі айырылып қалып отырдық.

Салдары: «Астана» матч басталмай тұрып-ақ, алтыншы орынға сырғыған. «Зенит» ойламаған жерден Эстонияның «Калев» клубынан небәрі бір ұпай айырмасымен ұтылып қалып, эстондар «Астананың» алдын орап кеткен болатын. Ал Минскіде ұтылып қалған соң, Қазақстан командасы жетінші орынға ығысты. Өз кезегінде, «Цмоки-Минск» турнир кестесінде тұрған орнынан жоғары көтеріле алмады. Бірақ плей-оффқа шығу үшін жанталасып жатқан командаларға біршама жақындай түсті.

Келесі матч: 4 және 5 ақпан күндері елорда баскетболшылары өз алаңында Ұлттық лига чемпионатының негізгі бөлігіндегі соңғы екі кездесуін өткізіп, Көкшетаудың «Синегорье» командасын қабылдайды. Ал ВТБ Бірыңғай лигасысындағы келесі ойынын Эмиль Райковичтің шәкірттері өз жерімізде Мәскеудің ЦСКА командасымен өткізеді. Бұл ойын 10 ақпан күні «Жекпе-жек» спорт сарайы аренасында болады, Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2006 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Белоруссия Арена: Falcon Club
Қала: Минск Сайт: www.bc-tsmoki.by

Сипаттамасы

«Цмоки-Минск» – беларустің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Минск қаласынан, 2006 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Беларусь чемпионы – 2009/2021
  • Беларусь кубогының жеңімпазы – 2010/2021
  • Азовмаш Кубогының қола жүлдегері – 2010

Команданың жалпы суреті

Минск