Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXVIII Қазақстан чемпионаты
Каспий
Ақтау
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
16.10.2019, 20:00 Ср
Арена: СК «Батыр» (Ақтау)
52:83
Негізгі уақыт
19:25 13:22 8:22 12:14
Ойын нөмірі: 8
Көрермен: 0
Астана
Астана

«Астана» «Каспий» клубын екінші рет ұтқан соң Ұлттық лигада көш бастады

17.10.2019, 10:00    Просмотров: 457
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы Қазақстан чемпионаты Ұлттық лигасының жаңа маусымдағы алғашқы ойындарын Ақтауда өткізіп, екі матчта да жеңіске жетті.
 

Бірінші ойындағы ірі жеңістен соң, «Каспий» клубымен өткен екінші матчта, сөз жоқ, «Астана» фаворит болып саналды. Бәрі де Астана командасының Батыстан 4 ұпай олжалап қайтатынына сенімді болды. Бұл ойында Қазақстан ойыншыларымен бірге америкалықтар Джеремая Хилл және Малкольм Хилл алаңға шықты.

Бірінші ойынмен салыстырғанда, әрі есепті тағы да алаң иелері ашқанымен, біздің жігіттер бірден алға шықты. Есеп айырмасы тез арада 10 ұпайдан асып та кетті. Бірақ «Каспий» жеңісті қолдан беретін сыңай танытпай, жанұшыра ойнап, бірінші кезеңнің соңына дейін есеп айырмасын 6 ұпайға дейін қысқартты. Екінші кезеңнің жартысынан көбісі шектен тыс тартысты өтті. «Астана» қарсыласынан құйрық үзіп кетуге тырысты. Алайда алаң иелері дес бермей, тайталасып бақты, бірақ өздерінің есепті теңестіруге шамалары жетпеді. Әйтсе де, үлкен үзіліске дейін астана командасы «Каспий» клубын жасытып, екі минуттың ішінде есеп айырмасын едәуір ұлғайтты – 32:47.

Үшінші кезеңнің басында Эмиль Райковичтің үзіліс кезін өте тиімді пайдаланып, жігіттерін жігерлендіре білгені байқалды. Біздің команда онминуттықтың басында құйындай орап соқты. Санаулы минуттар ішінде «Астана» есеп айырмасын 30 ұпайға дейін жеткізді. Алайда Ақтаулықтар да қарап қалмай, біздің команданың аса жоғары қарқынына аз да болса бейімделіп, тайталаса бастады. Бірақ есеп айырмасын қысқарта алмады. Соңғы кезеңнің алдында «Астана» 29 ұпай айырмасымен алда тұрды. Сөйтіп, біздің командаға бұл матчта да жеңіске жету түйіні шешілген мәселе болды. Елорда баскетболшылары қалған уақытта өздеріне сенімді болып, әрі жағдайды ушықтырмай, Ақтаудың «Каспий» клубын екінші рет ірі есеппен тізе бүктірді – 52:83 (19:25, 13:22, 8:22, 12:14).

Бұл матчта да біздің қарсыласымыз табан тірескен тартысты додаға дайын екендіктерін көрсетіп, барлық күш-жігерлерін салды. Әрі ойынның бірінші жартысын тәп-тәуір өткізді. Бірақ «Астана» ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ. Әрі «сары-көкшіл» жейделілер соның арқасында жеңіске жетті. Ұлттық лиганың түзде өткен алғашқы қос ойынын жоғары деңгейде өткізіп, яғни екі рет ірі есеппен басым түсіп, «Астана» ел біріншілігінің турнир кестесінде көш бастады.



Ең үздік ойыншылар: Джеремая Хилл бүгін бәрінен көп ұпай жинады – 23, сонымен қатар 4 рет нәтижелі пас берді. Ал Ақтау командасына көп қауіп төндірген және «Астана» сапында ең тиімді ойыншы болған – «экс-каспийлік» Роберт Пан (17 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 5 пас және 2 рет допты «тартып» әкетті). «Каспий» сапында тағы да орталық шептегі Денис Орленко үздік шықты (10 ұпай, 10 рет доп қағып алды, 6 пас және 6 блокшот), ал Ақтау командасы сапында ең көп ұпай еншілеген Владимир Курочкин болды (13 ұпай).

Келесі ойын: Енді «Астана» елордаға оралады, бірақ үйлерінде ұзақ бомайды. Тек тынығып алады да, Мәскеу облысының «Химки» клубымен ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өтетін матчқа дайындалады. Бұл ойын жексенбі күні, 20 қазанда өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2008 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Қазақстан Арена: Халық Арена
Қала: Ақтау Сайт: www.bccaspiy.kz

Сипаттамасы

«Каспий» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Ақтау қаласынан.

«Каспий» баскетбол клубы 2008 жылы сәур айында Маңғыстау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен құрылған.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2014/2015, 2016/2017
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2012, 2013, 2017

Команданың жалпы суреті

Каспий