ВТБ Бірыңғай лигасы 2016/2017
Зенит
Санкт-Петербург
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
21.12.2016, 22:00 Ср
Арена: СК «Юбилейный» (Ст. Петербург)
99:72
Негізгі уақыт
19:17 18:18 36:17 26:20
Ойын нөмірі: RS/65
Көрермен: 1700
Астана
Астана

«Астана» Санкт-Петербургке сапар шекті

20.12.2016, 09:00    Просмотров: 1252
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ертең, 21 желтоқсан күні «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы, биылғы жылғы соңғы кездесуін түзде петерборлық «Зенит» клубымен өткізеді.

Петербор клубы турнир кестесінде «Астанадан» бір саты жоғары орналасқан. Сондықтан осы команда жайлы айтар болсақ, әрине, «Астана» үшін олар – биылғы маусымдағы ең басты бәсекелестерінің бірі. Егер елорда баскетболшылары жеңіске жетсе, онда ВТБ лигасының бірінші бөлігінің қорытындысы бойынша турнир кестесінде петерборлықтардан асып түсуі әбден мүмкін.  
Осы ретте айта кетуіміз керек, көкшіл-ақ-көгілдір түстілер командасы өз алаңында ерекше қарқынмен ойнады. Әйтсе де, елорда клубы бұл матчта жеңіске жетуді көздейді.

Илиас Папатеодору, «Астана» ПБК бас бапкері:
– «Зенит» клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы азулы командалардың бірі, өте ауыр матч болады. Біздің мақсатымыз – өрнекті ойын үлгісін көрсету. Бұл ойынға дайындығымыз ойдағыдай болмады, жарақат алып және ауырып қалған ойыншыларымыз бар. Алайда, бұған қарамай, біз жеңісті қолдан бермейміз, күнде мұндай қарымды командамен ойнаудың сәті түспейді де ғой.  
 
Сіздер бұл матчтың трансляциясын Астана уақытымен 22:00-де ВТБ Бірыңғай лигасы сайтынан, сондай-ақ 22:50-де «Kazsport» телеарнасынан көре аласыздар.

«Астана» Петерборда жеңіліске ұшырады

22.12.2016, 03:48    Просмотров: 1004
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Петербордың «Зениті» өз алаңында өткен биылғы жылдың соңғы матчында «Астанадан» басым түсті – 99:72 (19:17, 18:18, 36:17, 26:20). 

Артем Вихров қанша тырысса да (петерборлықтардың алғашқы 10 минуттағы 19 ұпайының 15-ін өз командасының қоржынына салса да), ойынның бірінші бөлігінде «Астана» «Зениттің» дүлей шабуылдарына төтеп берді. “Шаң” қаптыру ойынның үшінші ширек бөлігінде жүзеге асты, алаң иелері қорғаныста ширақ қимылдап, шабуылға тез көшіп, сан соқтыра бастады. Матчтың осы бөлігінің бел ортасында сол әлгі Вихров қиын-қыстау сәтте допты оймақторға дөп түсірді, әрі оған қарсы ойын ережесі де бұзылды (49:42). Міне, осыдан бастап алаң иелері түлеп сала берді. Ал Павел Сергеев пен Аарон Уайттың үш ұпайлық аймақтан лақтырған доптарынан кейін зениттіктер мүлде қара үзді. Содан кейін екі таңбалы ұпай айырмасын уыстарынан шығарған да жоқ. Сөйтіп, бұған дейін өз алаңында екі рет ұтылып қалған «Зенит» сәтсіздіктерінің тамырына балта шауып, қайтадан көшбасшылардың өкшесіне түсті.

Ең көп ұпай жинағандар:

«Зенит»: Артем Вихров (22), Аарон Уайт (19 + 9 рет доп қақшып алды), Кайл Лэндри (18).

«Астана»: Родерик Одом (18 + 8 д.қ.а), Роберт Лоури (16 + 6 пас), Усман Крубалли (8 + 7 д.қ.а).

«Зенит» БК бас бапкері Василий Карасев:
- Қазір «Астананың» командасы жақсы, әрі ойынның басым бөлігінде олар бізбен тең дәрежеде тайталасты. Бұл жеңіс, әрі доп айырмашылығы біршама, біз үшін УНИКС және «Локомотив» клубтарынан кейінгі жеңілістерімізден соң – өте маңызды. Бүгін біз өзіміз паш еткіміз келетін ойын өрнегін көрсеттік: қорғаныста дес бермей, шабуылды тез ұйымдастырып отырдық. Ойынның бірінші жартысында осындай жоғары жылдамдықта лақтырған доптарымыздың нысанаға дөп түсіре алмадық, ал екіншісінде еңбегіміз еш кеткен жоқ, нәтиже шықты.

«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
- Біз намысты қолдан бермеуге тырыстық, әрі 25 минут бойы тайталасып бақтық, өкінішке қарай, одан әрі «Зениттің» қыспаққа алған қарқыны мен ойын ырғағына төтеп бере алмай қалдық. Бүгін біздің қарсыласымыздың мерей үстем болды, әрі лайықты түрде жеңіске жетті. Бірақ бізде тартынған жоқпыз – жігіттер аянбай доп додасы көрігін қыздырды.

«Астана» келесі ойынын енді Жаңа жыл мерекесінен кейін, 8 қаңтар күні өз алаңында өткізіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында «Нижний Новогород» клубын қабыдайды.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2014 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Ресей Арена: «Сибур Арена»
Қала: Санкт-Петербург Сайт: https://bc-zenit.com

Сипаттамасы

«Зенит» – ресейдің кәсіби ерлер баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан, 2014 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы — 2021/2022
  • Ресей Чемпионатының жеңімпазы — 2021/2022
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2019/2020 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2019/2020
  • ВТБ Бірыңғай лигасы Суперкубогының күміс жүлдегері — 2021
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Команданың жалпы суреті

Зенит