Михаил Карпенко: «Жауапкершіліктен қорықпаймын, мойныма аламын және командамен алға жылжуға дайынмын»

29.11.2017, 12:12    Оқылғаны: 1671
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михаил Карпенко 2019 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы екі ойыннан кейін біздің сайтымызға команданың дайындығы, жоспары және өздері тап болған күрмеуі күрделі мәселелері туралы ширатып айтып берді.
 
– Михаил Владимирұлы, баскетболдан 2019 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы екі ойындарыңыз өтті. Қазақстан ұлттық құрамасы Катар және Ирак секілді азулы командаларды ұтып, еншісіне екі жеңіс жазды. Осы екі матч жайлы не айтасыз?
– Бұл ойындар біз үшін оңай болған жоқ. Ұлттық құрама іріктеу турнирі аясындағы ойындарға небәрі төрт күн қалғанда жиналды. Әрі біз ойымыздағының бәрін жүзеге асырып үлгермедік. Өйткені, команданы дайындау үшін уақыт өте аз еді. Әйтсе де, ел намысын абыроймен қорғадық. Ең бастысы, әлгінің бәріне және ойын барысындағы кейбір ағаттықтарымызға қарамай, маңызды екі жеңіске қол жеткіздік. Бастапқы екі ойынның ең маңызды тұсы осы деп ойлаймын. Қарсыластарымызға атүсті тоқталар болсақ, олар осал емес еді. Катар құрамасы өз жерінде ойнады. Әрине, өз жанкүйерлері алдында көзге түсуді көздеді. Ирак болса, біздің топта көпшілікті қайран қалдырып, ең қарымды Иран құрамасын жеңіп кеткен болатын. Жалпы, Ирак командасы лайықты деңгейде өнер көрсетті. Олар аянбайды, ештеңеден тартынбайды. Қорғаныс шебін өзгертіп отырады, команданы алға сүйрейтін көшбасшысы бар. Ол – осы елдің азаматтығын алған америкалық Демарио Майфилд. Осы ойынға құрған жоспарымыздың жүзеге асып, шектен тыс тартысты ойында өте маңызды және мәні зор жеңіске қол жеткізгенімізге қуаныштымын.     
        
– Қазақстан құрамасының сапына қандай баға берер едіңіз, неге бұрын құрамада ойнаған басқа ойыншылар жоқ? Мысалы, Кожанов, Савченко, Лапченко және т.б.
– Құрама сапына дәл қазіргі мезеттегі ең үздік ойыншыларымыздың бәрін жинауға тырыстық. Әрине, Юрий Кожановтың соңғы сәтте құрама сапында ойнаудан бас тартқаны мені де қобалжытты, қатты батты. Біз осы ойыншыға сұрмерген ретінде үлкен сенім артып едік, әрі бізге көмектеседі деп ойлағанбыз. Әлем чемпионатының іріктеу турниріне өтінім беру шарттары бойынша, біз 12 ойыншының тізімін алғашқы ойынға үш апта қалғанда ұсынуымыз керек болатын. Ал біз осы тізімге Кожановты қосып, тәуекелге бел будық. Юрий соңғы сәтте бас тартып, бізді жерге қаратты. Осылай 11 ойыншымен ойнауға мәжбүр болдық. Бірақ бұл – оның өз шешімі. Енді біз бұл ойыншыға сенім артпаймыз. Мен ойымша, әрбір ойыншы үшін ең басты жетістік өз елінің намысын қорғау болса керек еді. Ал егер ойыншы өз еркімен осындай мәртебеден, осындай шақыртудан бас тартса, бұл оның болмысын сипаттайды. Ал бұрын құрама сапында ойнаған, бірақ осы жолы шақыртылмаған басқа ойыншыларға келер болсақ, бұл ретте біз «Астана» клубының ұлттық құраманың негізін қалайтын команда екеніне көңіл бөлдік. Тек кейбір шептерімізді нақты күшейте алатын ойыншыларды ғана шақырып, командадағы татулық пен бірлікті сақтау жағын ойладық. Осы құрам 100% көңілімнен шықты деп, сенімді түрде айта аламын.


– Сіз ұлттық құраманың негізін 90% «Астана» баскетболшылары, тіпті ойыншылары ғана емес, клубтың барлық қызметкерлері құрайтындығын тілге тиек еттіңіз. Бұл құраманың жетістігіне әсер етті ме, жалпы?
– Әрине, екі матчтағы жетістікке қол жеткізуге құрама сапында «Астана» БК ойыншылары да, жаттықтырушылары да, медициналық қызметкерлері де көп екендігі сүбелі үлес қосты. Өйткені, ойыншыларды құраманың негізін қалайтын клубқа сүйене отырып, дайындау жеңілдеу болды. Ойыншылар да бір-біріме тіл табысып, үйренісіп қалған. Олар жаттықтырушылар ұжымымен таныс, ал жаттықтырушылар ұжымы «Астана» штабында жүріп, әрбір ойыншының мүмкіндіктері мен қабілеттерін жақсы біледі. Әрине, бұл – біздің қарсыластарымызға қарағандағы, басты артықшылығымыз. Бізге тек басқа командалардан келген ойыншыларды олардың арасына дұрыс қоса біліп, оларды өзіміздің жүйемізге «тастай батырып», команданы бастапқы ойындарға сауатты түрде әзірлеу болды. Бажин, Ягодкин және Қуанов сынды ойыншылар осы ұжымға кірігіп кетіп, құрама бір тұтас команда ретінде өнер көрсетті. Өзімнің көмекшім, Ренатас Курилионокасты да айрықша атап өткім келеді. Ол да «Астана» клубының жаттықтырушылар құрамынан, құрамада өз жұмысын кәсіби тұрғыда аса жоғары деңгейде атқарып шықты.

 
– Сіз Қазақстан ұлттық құрамасын алғаш рет жаттықтырып жүрсіз, нәтиже үшін жауапкершілігі қандай екен? Команданың өнерінен алған әсеріңізбен бөліссеңіз. 
– Сөз жоқ, қай ел болсын, оның ішінде Қазақстан құрамасының ұлттық құрамасын жаттықтыру – үлкен мәртебе, әрі әрбір бапкер үшін, мен үшін де тамаша мүмкіндік. Жазда мені Валерий Алексейұлы Тихоненко «Астана» БК және ұлттық құраманың жаттықтырушылар құрамына шақырғанда, қатты қуандым. Өйткені бұл менің жаттықтырушылық карьерамдағы алға басатын үлкен қадам, үлкен спорттық құлшыныс еді. Өз кезегімде, мен жаттықтырушы ретінде қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. «Астана» БК да, ұлттық құрамада да жаттықтырушы қызметін қатар атқару, мен үшін – бапкерлік өмірімде баға жетпес тәжірибе. Нәтиже үшін жауапкершілігі өте ауыр болғанымен, алған әсерім де орасан зор. Мен бұл жауапкершіліктен қорықпаймын, жауапкершілік жүгін мойныма аламын және біздің командамен алға жылжи беруге дайынмын!    

 
– Біздің құраманың алдағы ойындардағы мүмкіндіктері мен әлеуеті қандай? 
– Әрине, бастапқы екі ойындағы жеңістерден кейін біздің мүмкіндігіміз бен келесі кезеңге шығу мүмкіншілігіміз әлдеқайда жоғарылады. Қазақстанды бұл топта ешкім де фавориттер қатарына қосқан жоқ деп ойлаймын. Алайда екі ойыннан кейін біз өз тобымызда бірінші орында тұрмыз. Ешқандай да жағдайда, осы нәтижеге тоқмейілсіп, босаңсуға болмайды, оған жол бермейміз. Керісінше, қосымша жауапкершілік жүгі арта түсіп, бірінші орында тұрғанымызды ақтап және дәлелдеп, әрі қарай да өз тобымыздағы көшбасшылық мәртебемізді сақтауға тырысамыз.

  
– Біздің құраманың өз тобынан шығып, келесі кезеңге өтуге шамасы жете ме, мүмкіншілігіне қандай баға бересіз?
– Топтан шығу мүмкіншілігіміз өте жоғары деп ойлаймын. Әрі біз енді тек топтан шығуды ғана емес, келесі кезеңге мейілінше көп ұпай жинап өтуді де ойлаймыз. Сондықтан келесі ойындардың бәрінде де барлық күш-жігерімізді салып, тек қана жеңіске жетуге тырысамыз.

– Өзгелерге қарағанда көңіліңізден шыққан немесе таң қалдырған ойыншылар бар ма?
– Ойыншыларды бөле-жара атап өтуді ұнатпаймын, біздің жетістігіміз – бұл бірінші кезекте командалық жетістік. Өз өнерімізді тура осылай сипаттағым келеді. Біз құрамында жарқыраған жұлдыздары бар команда емеспіз, біздің тұтас, жұлдыз команда болғымыз келеді. Мен өз жігіттеріме матчтың басында-ақ ойынымызды қорғаныс арқылы құруымыз керек деген болатынмын, топсасы берік қорғаныс шабуылды ширатады және алаңда емін-еркін көсіле сілтеуімізге мүмкіндік береді. Солай болып шықты да, бір ойында біреуі команда қоржынына көп ұпай салып, мергендігін паш етті. Келесі ойында басқа ойыншылар ашылып, көсіле сілтеді. Бірақ бәрі де алаңға шыққанда аянған жоқ. Бәрінің де көздері от шашып тұрды, ешқайсысы да бастарын салбыратып тұрған жоқ. Сондықтан барлық ойыншыларды атап өтемін.           


– Жауаптарыңызға рахмет, алдағы ойындарда жеңіске жете берулеріңізге тілектеспіз! 
– Рахмет! Тырысамыз!


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»