«Астана» Ұлттық лиганың жартылай финалында «Тобылмен» додаға түседі

17.05.2019, 08:00    Оқылғаны: 493
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Алдағы демалыс күндері, яғни 18 және 19 мамырда, астанадағы Назарбаев Университетінің спорт алаңында, Ұлттық лиганың плей-офф сатысындағы «Астана» Президенттік баскетбол клубы мен Қостанайдың «Тобылы» арасындағы жартылай финалдық ойындары өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы ел чемпионатының қорытындысы бойынша, 1-4 орындарға ие болған командалар чемпиондық атақты сарапқа салу құқығына ие болған. Атап айтқанда, бірінші орынды иеленген елорданың «Астанасы» (1) былтырғы чемпиондық атағын қорғауды Қостанайдың «Тобылымен» (4) бастайды. Финалда бақ сынауға мүмкіндік беретін екінші жолдамаға өткен маусымдағы вице-чемпион «Атырау Барыстары» (2) және 2017/2018 маусымдағы Жоғарғы лига жеңімпазы «Алматы Легионы» (3) командалары таласады. Плей-офф сатысындағы барлық дода, финал мен үшінші орын үшін өтетін матчтарды қосқанда, үйде-түзде жүйесімен екі ойынға дейін созылады.

Қарсылас:
«Тобыл» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қостанай қаласынан. 2003 жылы сол кезде Қостанайдағы «Баян-Сұлу» кондитер фабрикасының директоры болған Евгений Александрович Богер мен «Негіз-Ақмола» Құрылыс компаниясы» ЖШС бас директоры Эмир Ахмедович Эмировтің бастамасымен құрылған.


Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2003/2004
  • Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2004/2005, 2005/2006, 2006/2007, 2008/2009, 2009/2010, 2010/2011
  • Жоғарғы лиганың жеңімпазы: 2013/2014, 2016/2017
  • Жоғарғы лиганың күміс жүлдегері: 2010/2011
  • Қазақстан кубогының иегері: 2005
  • Қазақстан кубогының күміс жүлдегері: 2003, 2006, 2008, 2009, 2012, 2015, 2019
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2018

Командаларды салыстыру:
«Астана» ел чемпионатының негізгі додасын теңдессіз көшбасшы ретінде аяқтап, 36 матчтың бәрінде де жеңіске жетті. Ал астана командасының жартылай финалдағы қарсыласы 22 жеңіс және 14 жеңіліспен 4-орынға ие болды. Екеуара кездесулерге келер болсақ, биылғы 6 матчта да Эмиль Райковичтің шәкірттері үстемдік танытып, «Тобылды» орта есеппен 15 ұпай айырмасымен ұтып отырды. Тек биылғы маусымдағы екінші матчта қостанайлықтар елорда клубына төтеп беріп, 6 ұпай айырмасымен ғана ұтылды. Сондай-ақ, бұл командалар биыл Алматыда өткен Қазақстан кубогы додасында кездесті. Онда «Тобыл» «Астанаға» дес бермей тайталасып, небәрі бір ұпай айырмасымен ғана есе жіберіп алды.


«Тобылдың» көшбасшылары:
Қостанай командасының көшбасшысы – сөз жоқ, Антон Быков. Ол Қазақстан құрамасының да негізгі ойыншыларының бірі, ел чемпионатының Ұлттық лигадағы додасында ең тиімді ойыншы болып, бәрінен де көп ұпай еншіледі. Орта есеппен әр ойында 19 ұпайдан еншілеп отырды. Сондай-ақ Антонға шығыршық түбінде де тең келер ойыншы болмады. Ол қайтқан допты қағып алудан да үздік шығып, орта есеппен ел чемпионатындағы әр ойында 9 рет доп қағып алып отырды. Сонымен қатар, қостанайлықтардың ойын үйлестірушісі – Шайым Қуановты да айрықша атап өтуге болады. Ол да – Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы. Ал ел чемпионатында нәтижелі пасты бәрінен де көп берді. Нақтырақ айтқанда, орта есеппен әр ойында – 5 жарым ассист. Ресейдің еңгерзедей шабуылшысы Дмитрий Ходов шығыршық түбінде командасына көп пайда келтіріп жүр. Әрі алыстан да допты дөп түсіре алады алады және ел чемпионатында үш ұпайлық соққыларды дәл түсіруден көрсеткіші бәрінен жоғары болып шықты. «Тобылды» төртінші жыл қатарынан Александр Дербуш жаттықтырып жүр. Ол бұған дейін, ұзақ уақыт бойы қостанайлықтардың капитаны болған. Осыдан екі жыл бұрын ғана жейдесін шегеге ілді. Ал оған дейінгі екі маусымда ойнаушы-жаттықтырушы ретінде өнер көрсеткен болатын.    


Тарих:
Біздің команда қостанайлықтармен плей-офф сатысында бұған дейін де кездескен. Әрі екі рет, биылғыдай жартылай финалда жолдары түйіскен. 2016/17 маусымында «Төртеу финалында» «Астана» «Тобылды» айқын басымдықпен жеңген болатын – 99:70. Одан әріректе, 2011/12 жылдар маусымындағы 3 матчтық серияда да астана баскетболшылары үстемдік танытып, өздері ұтылмай, үш рет тізе бүктірген. Әрі әрбір ойында орта есеппен 25 ұпай айырмасымен басым түскен-ді. Биылғы ел чемпионатында да «Астананың» мерейі үстем болып, қостанайлықтарды алты ойынның бәрінде жеңді. Тек бір матчта Қостанай клубы тайталасып баққан-ды, бірақ онда да біздің команда жеңіске жеткен.




Сонымен, екі команданың текетіресі хронологиясын саралай отырып, бір мәнді қорытынды шғаруға болады. Алдағы жартылай финалдық кездесулерде біздің жігіттер шүбәсіз фаворит болуы керек. Ал «Тобылға» ел чемпионатының финалына шығу үшін шүмектетіп тер төгу қажет.

Алдағы жұмада жанашыр жанкүйерлеріміздің бәрін Назарбаев Университеті спорт залының трибуналарында күтеміз (Қабанбай батыр даңғылы, 53). Бірінші матчтың басталуы – Нұр-Сұлтан уақытымен, 18 мамыр күні 15:00-де, ал екіншісі 19 мамырда 14:00-де басталады. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»