Кеше Қытайдың Гуанджоу қаласында баскетболдан 2019 жылғы Әлем чемпионатының жеребесі тартылды. Ол төртке бөлініп өткізіліп, Еуропаның, Американың, Азияның және Африканың іріктеу кезеңдерінде додаға түсетін електік топтардың құрамдары анықталды.
2019 жылғы Әлем чемпионаты Қытайда өтеді. Оған қатысу үшін берілетін жолдамаларға 80 ұлттық құрама таласады. Іріктеу турнирлері 2017 жылдың қараша айынан 2019 жылдың ақпан айына дейін созылады.
Қазақстан ұлттық құрамасы Катар, Ирак және Азия баскетболының көшбасшысы Иран құрамаларымен “D” тобына түсті.
Көп ұзамай біздің құрама осы қарсыластарымен үйдегі және түздегі ойындарын өткізе бастайды.
Айта кетерлігі, 2019 Әлем чемпионаты жеребесін тарту рәсіміне әлем баскетболының даңқты тұлғалары да қатысты, олардың арасында ҰБҚ жұлдыздары Скотти Пипен мен Андрей Кириленко болды.
Турнир және оған қатысатын командалар туралы жан-жақты мәліметтер, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері, сондай-ақ ең толық статистикалық дәйектер
www.fiba.com сайтында жарияланған.